Дәуір — халықаралық дәрежеде келісілген бірегей жержылнамалық шкаланың иерархиялық бағыныштылық тұрғысынан төртінші дәрежелі бірлігі немесе бөлімшесі.[1]

Геологияда

өңдеу

Қандай да бір құбылыстың өмір сүруіндегі немесе қандай да бір процестің дамуындағы басқа уақыт интервалынан сапалық тұрғыдан өзгеше уақыт интервалы. «Дәуір» ұғымының бұл мағынасы геологияда анағұрлым қатаң түрде пайдаланылады. Мұнда негізгі уақыт көрсеткіші тау жыныстары түзілетін аралықтағы мезгіл сәті болып табылады. Геологияда мұндай интервалдар төмендегідей өрбу сатылары арқылы беріледі. Ең үлкен интервал «заман», яғни эра (лат. аera — бастапқы сан) ұғымы арқылы анықталады. Бұл – геологиялық топты құрайтын тау жыныстарының геологиялық түзілу мерзімі. Мысалы, палеозой, мезозой, кайнозой. Әрбір заман геологиялық жүйені құрайтын тау жыныстарының геологиялық түзілу мерзімін білдіретін кезеңдерге бөлінеді. Мысалы, палеозой заманы кембриялық, ордовик, силурийлік, девондық, тас көмір және перьмдік кезеңдерді қамтиды. Дәуір деп бұл тұста геологиялық бөлімді құрайтын тау жыныстарының геологиялық түзілу мерзімі ұғынылады;

Дәуір геологиялық кезеңнің құрамдас бөлігі болып табылады, өз кезегінде, геологиялык ғасырларға жіктеледі. «Дәуір» түсінігінің стратиграфиялық баламасы бөлім, яғни «нақтылы бөлім» жер қыртысы дамуының «нақтылы дәуірі» барысында қалыптасып үлгерген таужыныстар қабаты. Әрбір геологиялық кезең, әдетте екі немесе үш дәуірге жіктеледі, олар сол кезеңнің «алғашқы», «ортаңғы» және «соңғы дәуірлері» (үшке жіктелгенде) немесе «алғашқы» және «соңғы дәуірлері» (екіге жіктелгенде) деп аталады. Бұларға сәйкес келетін стратиграфиялық бірліктер яғни бөлімдер «төменгі бөлім», «ортаңғы бөлім» және «жоғарғы бөлім» (үшке жіктелгенде) немесе «төменгі бөлім» және «жоғарғы бөлім» сөз тіркестерімен беріледі. Мысалы, кембрий кезеңі (жүйесі) үш дәуірге (бөлімге) жіктеле отырып, «алғашқы (төменгі) кембрий», «ортаңғы кембрий» және «соңғы (жоғарғы) кембрий» дәуірлеріне (бөлімдеріне) жіктелсе, бор кезеңі (жүйесі) екі дәуірге (бөлімге) жіктеледі, олар «алғашқы (төменгі) бор» және «соңғы (жоғарғы) бор дәуірлері (бөлімдері)» деген сөз тіркестерімен өрнектеледі.

Астрономияда

өңдеу

Қандай да болмасын оқиғаның немесе процестің басталуы есептеле бастайтын уақыт сәті. Дәуір ұғымы бұл мағынада астрономияда қолданылады. Мұндағы «дәуір » әр текті периодты аспан құбылыстарына бақылау жасағанда уақыт санау басталатын мезгіл сәтін, я қандай да болмасын бақыланушы аспан шамшырағының қайсыбір нақты күйі үшін уақыт сәтін білдіреді. «Дәуір» терминінің соңғы мағынасы ежелгі астрономияда, әсіресе, астрологияда қолданылған;

Гуманитарлық ғылымдар мен философияда

өңдеу

Гуманитарлық ғылымдар мен философияда (жекелей алғанда, тарих философиясында) дәуір ұғымы астрономия мен геологиядағыдай нақты мағынада қолданылмайды. Мұнда да дәуір деп басқа тарихи уақыт интервалдарынан сапалық жағынан өзгеше бір уақыт интервалы түсініледі. «Дәуір» ұғымын осы мағынада тарихи процеске қолдану адамзат дүниетанымындағы уақыт категориясын жіктеудің арқасында мүмкін болды. Мұндай мүмкіндік Жаңа дәуірде ғана пайда болды. Сол кезде тарих ғылымы мен тарих философиясы алдында өзекті мәселелердің бірі ретінде тарихи процестерді кезеңдерге бөлу міндеті қойылды. Бұл тұрғыдан қазіргі ғылым адамзат тарихын жіктеуде дәуір ұғымын кеңінен пайдаланады. Мысалы, ежелгі дәуір (Рим империясы құлағанға дейінгі кезең, V ғасырдыңдың 2-жартысына дейін), орта ғасырлар (V ғасырдан XVII ғасырдың ортасына дейін), жаңа дәуір (XVII ғасырдың ортасынан бастап). Адамзат тарихын дәуірге бөлудің жалпылама үлгілерінің бірі ретінде қабылданған бұл 3 уақыт интервалы анықталғанға дейінгі процесс ұзаққа созылған болатын. Адамзат қоғамының дамуын әр түрлі кезеңдеулер ұсынылды, бірақ қалай болғанда да тарихи интервалдарды ешкім де арнайы дәуір деп атамады. XVIII ғасырдан бастап «дәуір рухы», «замана рухы», «бұл тұтас дәуірді құрады», «бұл жаңа дәуірдің бастамасы еді» деген тәрізді ұғымдар пайда болды. Олардың белгілі бір тұжырымдамалық мағынасы болмады, тіпті олар күні бүгінге дейін жоқ.[2]

Дереккөздер

өңдеу
  1. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Геология — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2003.ӀSВN 5-7667-8188-1 ӀSВN 9965-16-512-2
  2. “Қазақ Энциклопедиясы”, 5-том