Қырым соғысы
Қырым соғысы (1853 — 1856), Ресей империя мен Ұлыбритания, Франция, Түркия, Сардиния одақтары арасында өткен. 19 ғ-дың орта кезінде Ұлыбритания мен Франция Ресейді Таяу Шығыс нарығынан ығыстырып, Түркияны өз ықпалына бағындырды. Олар Ресейді Қара теңіз жағалауынан шеттетіп, Қырым мен Кавказды иеленуді мақсат етті. Түркия еліндегі кейбір топтар Батыс Еуропа дипломатиясының қолдауына сүйеніп, Қырым мен Кавказды Ресейден тартып алуды көздеді. Солай Таяу Шығысқа ықпалын жүргізуге жанталасқан патшалық Ресей мен оның қарсыластары арасындағы қайшылық шиеленісе түсті. Ресей бүкіл Түркияны, оның астанасы Стамбұлды, Қара теңізі жағалауларын, Босфор мен Дарданелл бұғаздарын, Мәрмәр теңізін өзіне толық қаратуды көздеп, батыстық әріптестерімен қатынасын шиеленістіріп алды. Ресей православие шіркеуі Палестинадағы “қасиетті орындар” үшін 1852 ж. католик шіркеуімен дау-дамайға барды. Ресейдің “Еуропа жандармы” болуы және Таяу Шығыстағы, Орталық Азиядағы озбырлық саясаты батыс елдерін шошындырып, оларды тойтарыс беруге итермеледі. Ал Ресей патшасы Николай І мен Сыртқы істер министріліг Еуропа мемлекеттерінің жоспары туралы қате пікірде болды. Олар Түркияға қарсы соғыста Аустрия мен Пруссия тікелей қолдау көрсетпегенімен, де қарсы шықпайды, ал өлыбританияға Осман империясынан Египет пен Крит аралын алып берсек, ол соған қанағаттанады деп ойлады. Франция болса 1848 ж. революциядан әлі есін жинаған жоқ, ал Түркияны оңай жеңеміз деп тұжырымдады. Сондай-ақ Балқан елдерінің түріктерге қарсы азаттық қозғалысына үміт артты. Бірақ Ұлыбритания Ресейдің Таяу Шығыс пен Балқандағы ықпалының артуын қаламады, Франция императоры Наполеон ІІІ өз беделін көтеру үшін жеңіспен аяқталатын соғыс іздеп, оны Ресеймен болатын соғыс деп санады. Балқан түбегіндегі елдерге өз ықпалын нығайтуға Австрия да мүдделі болды. Түркия да осыны көздеді. Ресей Түркияға қарсы соғыста жалғыз қалды. Соғыстың басталуына Ресейдің 1853 ж. ақпанда түрік сұлтанынан православие дініндегілер құқығын арттыруды талап етуі және Молдавия мен Валахияға әскер жіберуі (1853 ж. шілде) түрткі болды. Сұлтан оған көнбей 4 қазанда Ресейге соғыс жариялады. Ұлыбритания, Франция әскери кемелері Дарданелге енгізіліп, Түркияға қолдау көрсетті. Соғыс қимылдары Дунай бойында, Армения мен Грузия жерлерінде, Қара теңізде жүрді. Түрік әскерлері сәтсіздікке ұшырады. Түріктердің жеңілісі ағылшындар мен француздардың соғысқа кірісуін тездетті. 1853 ж. желтоқсанда ағылшын-француз флоты Қара теңізге кірді. 1854 ж. 9 ақпанда Ресей Франция мен өлыбританияға соғыс жариялады. 11 наурызда орыс әскерлері Дунайдан өтіп, Солтүстік Добруджаға жиналды.
10 сәуірде ағылшын-француз эскадрасы Одессаны зеңбірекпен атқылады. Ал маусым — шілдеде одақтастар әскері Варнаға түсірілді. Ағылшын-француз-түрік флотының басым күштері Севастопольде орыс флотын қоршауға алды. Австрияның, Пруссияның және Швецияның Ресейге қарсы одақ жағында соғысқа араласу қаупі орыс әскерлерінің басты күшін батыс шекарада ұстауға мәжбүр етті. Дунайдағы орыс әскері 5 мамырда Силистрия қамалын қоршады. Алайда Аустрияның дұшпандық бағытын ескере отырып, орыс әскерінің бас командашысы фельдмаршал И.Ф. Паскевич әскерге Дунайдан шегінуге бұйрық берді. Қыркүйектің бас кезінде орыс әскері Прут өзенінен шегініп, босаған жерге Австрия әскері басып кірді. Балтық теңізінде ағылшын-француз эскадрасы орыстың Балтық флотын Кронштадт пен Свеаборгте қоршауға алды. 26 шілдеде одақтастардың 11 мың десант әскері Аланд аралына түсіріліп, Бомарзундты алды. Күзде одақтастар эскадрасы Балтық т-н тастап шықты. 1854 ж. Венада соғысып жатқан елдер арасында дипломат. келіссөз басталды. Франция мен Ұлыбритания Ресейге Қара тіңізде соғыс флотын ұстау талабын қойып, Молдавия мен Валахия протекторатынан, Дунайда “еркін жүзу” құқығынан, сұлтандықтың православие дініндегілерге қамқорлық жасауын сұрау әрекетінен бас тартуын талап етті. 2 желтоқсанда Австрия Франция және өлыбританиямен одақтасатынын мәлімдеді. 28 желтоқсанда өлыбритания, Франция, Австрия және Ресей елшілерінің конференциясы ашылды, ол 1855 ж. сәуірде тоқтатылды. 1855 ж. 14 қаңтарда соғысқа Сардиния кірісті. Ол Қырымға 15 мыңдық корпус жіберді. Евпаторийде 35 мыңдық түрік корпусы тұрды. 5 ақпанда орыс әскерінің Евпаторийді алмақ болған шабуылына тойтарыс берілді. Орыс әскерінің қолбасшысы А.С. Меньшиков М.Д. Горчаковпен алмастырылды. 5 қазанда Севастополь қорғанысын басқарған ген. В.А. Корнилов, ал 1855 ж. 7 наурызда оның орнын басқан В.И. Истомин қаза тапты. Олардан кейін қорғанысты басқарған адмирал П.С. Нахимов 28 маусымда оққа ұшты. 1855 ж. 27 тамызда Малахов бекінісі қиратылған соң орыс теңізшілері Севастопольді тастап шықты. Орыс армиясының жаңа қолбасшысы Горчаковтың Қырымдағы жағдайды жақсарту әрекетінен ешнәрсе шықпады. 1855 ж. 4 тамызда болған Қара теңіздегі орыс әскерінің шабуылы сәтсіздікке ұшырады. өлыбритания мен Франция соғысқа араласқаннан кейін Түркия Кавказ жақтағы ұрыстарға қызу кірісті. Солтүстік Кавказдан түріктерге көмекке Шәміл әскері келмек болды. Оларды грузиндер өткізбеді. Ағылшын-француз флоты Свеаборг және Кронштадт бекіністерін басып алуға үміттеніп, Ресейдің Балтық жағалауларын қоршаумен шектелді. Қара теңізде одақтастар Новороссийскіге десант түсіріп, Кинбурнды басып алды. 1855 жылдың аяғына қарай соғыс қимылдары негізінен тоқтатылды. Венада келіссөздер қайта жалғасты. 1856 ж. 18 наурызда Париж бейбіт келісіміне қол қойылды. Келісім бойынша Ресей Дунайдың сағасын және Бессарабияның оңт. бөлігін Түркияға бермек болды. Қара теңізде әскери флот пен әскери-теңіз күштерін ұстау құқығынан айырылды. Ресейдің жеңілуінің негізгі себебі: оның эконикалық даму жағынан артта қалуы және соғыс техникасының мешеулігі болды. Ресейдің басқыншылық саясатына наразы болған өлыбритания мен Францияның Түркияға көмекке келуі де орыс әскерінің жеңілуін тездетті. ҚЫРЫМ СОҒЫСЫ Ресейге әділетті аяққа таптай беруге болмайтындығын дәлелдеп берді.[1]