Фарс облысы
Координаттар: 29°37′ с. е. 52°32′ ш. б. / 29.617° с. е. 52.533° ш. б. (G) (O) (Я) Үлгі:Infobox province Фарс облысы — орталығы Шираз қаласы болатын Иранның оңтүстігіндегі облысы.
Иранда оның географиялық жағдайына байланысты әртүрлі таулар, ормандар, жайылым жерлері, өзендер мен минералды бұлақтар бар. Бұл жердің тарихы мәдениет, өркениет, сәулет тұрғысынан өте бай.
"Фарс" облысы - Иранның ең ежелгі облыстарының бірі. Бұл облыс ауа райының әралуандығы және құнды тарихи ескерткіштердің болуы себебінен Иранның ең маңызды аймақтарының бірі болып саналады. Фарс облысын табиғат пен тарихтың көрмесі деп атауға болады.
Тарихы
Иранның тарихымен бірдей шежіресі бар Фарс облысы - Иранның және әлемнің ежелгі өркениеттерінің пайда болып, дамыған негізгі орталықтарының бірі. Бұл жер – ғылым, мәдениет пен өркениеттің бесігі. Сондықтан ирандықтар мен әлем халықтары жадында лайықты орынды иеленген. Тауы мен тасында бедерлі суреттер салынған, көзтартарлық сәулет құрылыстары мен ғылыми қазба жұмыстары кезіндегі табылған ескерткіштері бар Фарс облысы археологтар мен тарихшыларды үнемі өзіне тартып келеді. Фарс тауларындағы Элам дәуірі кезінде салынған 4 мың жылдық тарихы бар бедерлі суреттер, б.з.д. шамамен 6 ғасырдағы Ахеменидтер заманынан қалған Персеполис пен Пасаргадтың ұлы ғимараттары және Фарс облысы қалаларының көбінде шашырай орналасқан Сасанидтер дәуірінің ескерткіштері Иранның осы аймағында ежелгі өркениеттің шарықтау шегіне жеткендігін көрсетеді. Мұнымен қоса, Фарс облысы өте терең де ежелгі мәдениетке ие. Молласадра, Хафиз, Саади, Сибавай және т.б. сынды көрнекті тұлғалар осы жерден шыққан. Олар өздерінен кейін мәңгі өлмес мәдени, ғылыми, философиялық, діни және әдеби туындылар қалдырды.
Фарс облысының тарихы жайлы былай делінеді: б.з.д. шамамен 1100 жылы арий тайпасының бір бөлігі өте үлкен арақашықтықты жүріп, әртүрлі кедергілерден өтіп, солтүстіктен Иран таулы қыратына келді. Парс деп аталатын бұл тайпа бүгінгі Иранның оңтүстігіндегі қоңыржай климатты аймаққа орын теуіп, осы аймаққа өз атын берді. Сөйтіп, Иран өркениетінің ең ежелгі орталықтарының бірі ретінде қалыптасты. Кейіннен бұл аймақ бірнеше рет елдің астанасы, биліктің орталығы ретінде таңдалып алынды. Парсылар - Иран таулы қыратының ең ежелгі тұрғындарының бірі. Ахеменидтер мен Сасанидтер әулеттері осы тайпадан шыққан. Ахеменид деген атпен белгілі парсылардың бір тайпасы б.з.д. 559 жылдан 330 жылға дейін Фарс аймағында билік құрған және біртіндеп өз ықпалын сол замандағы өркениетті дүниенің өте үлкен бөлігіне таратты. Ол дәуірде Фарс жері Иран өркениетінің ең ежелгі орталығы болды. Сол заманнан бізге жеткен Персеполис пен Пасаргад тарихи ғимараттардың қалдықтары осы сөзіміздің дәлелі. Иранға Ислам таралғаннан кейін де Фарс аймағы билік орталығы болды. Мысалы, парсы атабектері (х.қ.ж.с. 543 – 684 жылдар), Инджу әулеті, Мұзаффар мен Зандие әулеттері осы жерде билік құрған. Зандие әулетінің билік құрған кезінде Фарс аймағы абадтандырылып, ерекше дамытылды.
Әкімшілік құрылымы
Иранның оңтүстіктегі облыстарының бірі болып табылатын Фарс облысы шамамен 133 мың шаршы шақырым жерді алып жатыр. Иранның Ішкі істер министрлігінің әкімшілік бөлінісі жайлы соңғы деректері бойынша бұл облыста 29 аудан (шахрестан) бар. Фарс облысы солтүстікте Исфахан облысы, шығыста Йезд пен Керман облыстары, оңтүстікте Хормозган облысы және батыста Көхкилуйе, Буйрахмед және Бушехр облыстарымен шектесіп жатыр. Фарс облысының орталығы – Шираз қаласы. Бұл қала тарихи маңыздылығы, мәдени орны тұрғысынан таңдаулы қалалардың қатарына жатады.
Табиғаты
Фарс облысының жері жалпы таулы болып келеді. Бұл таулар солтүстік-батыстан Иранның оңтүстігіне қарай созылып жатқан Загрос таулы қыратының жалғасы болып табылады. Фарс облысының көлемі үлкен. Ол оңтүстікте Парсы шығанағына, ал солтүстікте шөлді аудандарға жақын болғандықтан, онда ерекше табиғи жағдай мен ауа райы қалыптасқан. Жалпы Фарс облысында үш климаттық белдік бар. Оның солтүстік және солтүстік-батысы таулы болып келеді, сондықтан ондағы қыс салыстырмалы түрде суық, ал жаз қалыпты. Фарс облысының орталығында қыс салыстырмалы түрде жауын-шашынды және қоңыржай, ал жаз ыстық та құрғақ. Бұл облыстың оңтүстік, оңтүстік-шығыс бөлігінде қыс қоңыржай, ал жаз өте ыстық.
Фарс облысының су көздері екіге бөлінеді: жер асты сулары және ағынды сулар. Ауа райының әралуандығына байланысты бұл облыста өзендер, бұлақтар, сарқырамалар мен көлдер көп. "Күр" өзені – Фарс облысындағы өзендердің ең маңыздысы. Ол солтүстіктегі таулардан бастау алады және Бахтеган көліне барып құяды. Фирузабад, Қареамадж және Фахаман өзендері де облыстағы әртүрлі таулардан бастау алып, Парсы шығанағына құяды. Фарс облысында көлдер көп. Бахтеган, Махарлу және Паришан (Фамур) көлдері басқа көлдерден үлкенірек.
Таулардан ағатын көптеген сарқырамалар мен табиғи бұлақтардың болуы осы облыста ойын-сауық және аң аулау орындарының орналасуына жағдай жасады. Фарс облысында орман ағаштары, дәрілік және өнеркәсіптік өсімдіктер өседі. Ең маңызды ағаш түрлері мыналар: тау бадамы, сәмбі, емен.
Шаруашылығы
Су көздері мен құнарлы жерлердің көптігі Фарс облысының Ирандағы егін шаруашылығы орталықтарының бірі болып саналуына септігін тигізді. Бидай, арпа және жүгері осы облыста өндірілетін дәнді-дақылдардың маңызды бір бөлігін құрайды. Фарс облысында өндірілетін күріш пен цитрус дақылдарының сапасы жоғары. Осы облыста егін шаруашылығымен қоса, мал шаруашылығы да кең таралған. Және ол Иранның ет пен сүтке деген қажеттілігінің бір бөлігін қамтамасыз етеді. Бұл облыс кілем, палас және қой жүнінен иленген киіз сияқты қолөнер бұйымдарын өндіру тұрғысынан ерекше маңызға ие. Инкрустация, ағашқа ою салу және ағашқа Құран сөздерін ойып жазу сияқты ағаш бұйымдарын жасау осы облыстың әртүрлі аудандарында кең таралған. Фарс облысындағы ұсталық және металлдарға қатысы бар өнерлердің тарихы терең. Бұл облыстың күмістен жасалған бұйымдары мен оның бетіне өрнек салу өнері ел арасына танымал.
Өнер
Фарс облысында көптеген табиғи көріністер және тарихи ескерткіштермен қоса, ерекше атақ пен беделге ие көптеген қол өнер түрлері бар. Хатамсази – ағаш бетіне өрнектер ойып салу; мұнаббаткари – ағашты ойып өрнектер жасау; кашикари ‑ нақышталған кафель жасау; қаламзани – металл бетіне ойып өрнек салу; кілем мен текемет сынды бұйымдар жасау – осының барлығы Фарс облысында кеңінен таралған қол өнер түрлеріне жатады
Халқы
Фарс облысы тұрғындарының саны соңғы мәліметтер бойынша, шамамен 4,5 млн адамды құрайды. Халықтың негізгі тілі – парсы тілі. Бірақ әртүрлі ұлттардың болуына байланысты түркі, лур және араб тілдері де қолданылады. Яхуди, христиан, зороастр сияқты әртүрлі діни ағымдардың болуы Фарс облысы халқының мәдени ерекшеліктерінің бірі болып табылады.
Фарс облысы көшпенді тайпалары бар Иранның ең үлкен облыстарының біріне жатады. Фарс облысындағы көшпенді тайпалар мыналар: қашқай, хамсе, мамасани, алвар-е көхкилуйе. Олардың әрқайсысы өз ішінде бірнеше тармаққа бөлінеді. Фарстың көшпенді тайпалары тарихтың өн бойында осы аймақтағы өте бай мәдениеттің негізін қалаған. Көшпенді мәдениеттің бір бөлігі олардың тұрмысында көрініс тапқан. Осы жайт Фарс облысының туристік тартымдылығын арттырды.
Фарс облысының тайпалары үш үлкен тайпа – қашқай, хамсе, мамсани және 8 тәуелсіз тайпадан тұрады. Көшпелі тайпалар жаз мезгілінде Фарс облысының солтүстік аудандарын жайлайды, ал қыс мезгілінде Фарс облысының оңтүстік-шығыс, оңтүстік батыс, кейде жартылай шөлді орталық аймақтарында қыстайды. Бұл аймақтар көбіне қыратты болып келетін. Ондағы ауа райы қыста қоңыр салқын әрі жайлы, жазда ыстық. Қашқай сияқты Фарс облысының кейбір көшпелі тайпаларының көшіп-қонатын жері Загрос тауларының оңтүстік етегі болып саналады. Кейде олар бұл сайлардан алыстап, Бушехр облысы мен Иранның оңтүстік жағалауларындағы теңіз деңгейінен төмен ойпаттарға дейін көшіп-қонып отырады. Фарс облысындағы көшпелі халықтың жалпы саны 147 мың адамнан асып жығылады. Бұл көлем Иранның көшпелі халқының шамамен 12,5 пайызы мен Фарс облысы тұрғындар санының 3,5 пайызын құрайды.
Климаты
Фарс облысында ауа райының әралуандығына байланысты әртүрлі жануар, атап айтқанда, сүтқоректілер, құстар және су жануарлары тіршілік етеді. Фарс облысындағы қорықтар осы жануарлардың тіршілік ететін орны болып табылады.
Тарихи ескерткіштері
Фарс облысында 300-ден астам тарихи ескерткіш орналасқандықтан тарихи маңыздылық жағынан Иранда бірінші орында тұр. Бұл тарихи есткерткіштерді Шираз қаласы мен оның айналасынан көруге болады. Шираздың тарихи ескерткіштерін Исламға дейінгі және Ислам дәуіріндегі ескерткіштер деп екіге бөліп қарастыруға болады. Исламға дейінгі ескерткіштер ретінде Әбу Наср қамалы, Пахандар қамалы, сасанидтік суреттерді атауға болады. Бұлар Шираз қаласының сыртында орналасқан. Исламға дейінгі ескерткіштердің арасында Әбу Наср қамалы үнемі ежелгі саяхатшылардың назарында болған. Жан Таварние, Жан Шарден, Бизарус, Мадам де Лафу және Эдуард Браун сынды саяхатшылар өздерінің Иранға сапарлары барысында Әбу Наср қамалының сәулет салтанаты жайлы сөз қозғаған. Әбу Наср қамалының қалдығы Шираздың шығысынан 8 шақырым жердегі бір төбенің басында тас, кірпіш, балшықтан салынған құрылыстардың сынған үйінділері күйінде көзге көрінеді. 1311-1312 жылдары осы аймақта жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде негізгі ғимараттың Ахеменидтер кезінде салынып, Ашканидтер дәуірінде оған тағы бір берік құрылыс қосылып, Сасанидтер кезінде қолданыста болғандығы анықталды. Осы аймақта табылған ең көне заттар Ахеменидтер, Селевкидтер, Ашканидтер дәуіріне (б.з.д. 6-ғасырдан 2-ғасырға дейін) жатады.
Шираз қаласының шығысында Әбу Наср қамалынан 6 шақырым жерде Имамзаде Ибраһим деп аталатын жартасты тауда ирандық бірнеше шахтың суреттері ойылып салынған орын бар. Бұл суреттер Сасанидтер дәуіріне тиесілі. Оны "Барм-е делак" деп атайды. Бұл мекен табиғатының әдемі, ауа райының қолайлы болуы себебінен ежелден-ақ Фарс халқының демалатын орны болған.
Пахандар қамалы Ахеменидтер заманынан қалған ескерткіш болып табылады. Ол Шираздың солтүстік-шығысында орманды саябақтың ішіндегі таудың үстінде орналасқан. Бұл қамал Фарс аймағындағы берік қамалдардың бірі болып табылады. Ол аймаққа бақылау жасап, Шираз қаласын жау шабуылынан қорғауға арналғанға ұқсайды. Өйткені оның орналасу жағдайы бүкіл Шираз алқабын алақанға салғандай көруге мүмкіндік береді. Бұл камалда Ахеменидтер дәуіріндегі құдықтарға ұқсас терең құдықтар қазылған. Ағылшын шығыстанушысы генерал Сэр Перси Сайкс өзінің "Ирандағы он мың миль" атты сапарнамасында Пахандар қамалы мен оның терең құдықтары жайлы сөз еткен.
Шираздың солтүстігінен 60 шақырым жердегі Марвдашт аймағында Рахмат тауының етегінде ежелгі Иранның ұлы туындыларының бірі — Персеполис орналасқан. Үлгі:Link FA