OSIRIS-REx

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
OSIRIS-REx

Ұйымы  АҚШ, НАСА
Басты мердігерлері Lockheed Martin Space Systems
Тапсырысы Астероидтарды зерттеу,
топырақ үлгісін жеткізу
Ұшыру күн-айы 8.09.2016 ж., 23:05 UTC, Канаверал мүйісі
Сөре көлігі Atlas V зымыран-тасығышы
Тапсырыс ұзақтығы 7 жыл
889 күн астероидта
Торабы https://www.asteroidmission.org/
Массасы 880 кг (отынмен 2110 кг)
Қуаты 3000 Вт

OSIRIS-REx (Origins, Spectral Interpretation, Resource Identification, Security Regolith Explorer) — Жерге жақын ұшатын астероидтарды зерттеу мақсатымен 2016 жылы ұшырылған америкалық ғарыш кемесі.

Оның миссиясы екі фазадан тұрады. Біріншісі — (101955) Бенну астероидынан топырақ үлгісін Жерге жеткізу. Бұл фаза 2023 жылдың қыркүйегінде арнайы капсуланың Жерге оралуымен сәтті аяқталды.[1]

Екінші фазада ғарыш кемесі (99942) Апофис астероидын жақыннан зерттейтін болады. Осы астероидпен жақындасу 2029 жылы орын алады деп жоспарланған. Миссияның аты сәйкесінше OSIRIS-APEX деп өзгертіледі.

Ғарыш кеменің өлшемдері: 2,4 м × 2,4 м × 3,15 м. Екі жағынан күн батареялары бекітілген. Жазылған жағдайда әрқайсысының ұзындығы 6,17 м құрайды.

Астероид топырағын жеткізу

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

OSIRIS-REx ғарыш кемесі (101955) Бенну астероидына 2018 жылдың желтоқсанында жақындады. 31 желтоқсанда ол астероид орбитасын айнала бастады. Сөйтіп бұл орбиталық ұшуы болған ең кіші аспан денесі болды; сондай-ақ мұнда ғарыштану тарихындағы ең жақын орбиталық ұшу орын алды.[2]

2020 жылдың 20 қазанында астероид бетінен топырақ үлгісін алу операциясы өтті. Бірнеше секундқа созылған аппараттың аспан денесімен беттесуі кезінде TAGSAM құрылғысы реголит үгінділерін жинап үлгерді, олар арнайы капсулаға орналастырылып, капсуланың өзі тығыз жабылды. Ғарыш кемесі 2021 жылдың 7 сәуірінде астероид зерттеуін тоқтатып, одан алыстай бастады.

Жерге жақындау үшін екі жарым жылдай уақыт кетті. 2023 жылдың 24 қыркүйегінде ғарыш кемесінен реголиті бар капсула бөлініп, Жерге қарай ұшырылды. 4 сағат 10 минут ішінде капсула 100 мыңға жуық шақырымды артта тастап, өз парашютімен Юта штатында қонған.

Капсуланың өз салмағы шамамен 46 кг, ал диаметрі 81 см. Ішінде 250 грамм топырақ бар. Оны зерттеу үшін арнайы лаборатория жабдықталған, онда 200-ге жуық ғалым 60 түрлі әдіспен зерттеу жүргізетін болады.[1]

Ғылыми құрылғылары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • OCAMS (OSIRIS-REx Camera Suite) — үш камерадан тұратын блок.
  • OVIRS (OSIRIS-REx Visible and IR Spectrometer) — көрінетін және инфрақызыл сәулелерде түсіретін спектрометр.
  • OTES (OSIRIS-Rex Thermal Emission Spectrometer) — температуралар картасын жасауға арналған спектрометр.
  • REXIS (Regolith X-ray Imaging Spectrometer) — химиялық құрылым картасын жасауға арналған рентгендік спектрометр.
  • OLA (OSIRIS-REx Laser Altimeter) — лазерлік қашықтық өлшегіштері бар блок.
  • TAGSAM (Touch-And-Go Sample Acquisition Mechanism) — 3,35 метрге дейін созыла алатын тетігі бар реголит үлгісін алу механизмі.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Ортаққорда бұған қатысты медиа санаты бар: OSIRIS-REx

Сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]