Тұман патша (туған жылы белгісіз – біздің заманымыздан бұрын 209) – ғұндар билеушісі біздің заманымыздан бұрын 225 – 209). Ол Қытайдағы ұсақ патшалықтардың өзара қырқысы кезінде ғұндарға билік жүргізуге қол жеткізді. Сол тұста юечжи тайпасы күшейіп, көршілес тайпаларға өз ықпалын жүргізе бастаған еді. Соған орай Тумынь өзінің мұрагер ұлы Модэні юечжилерге аманатқа беріп, олармен бейбіт қарым-қатынаста болуға келісті. Бірақ көп ұзамай Тумынь уәдесін бұзып, юечжилерге шабуыл жасады. Оның мұндай шабуыл жасауға баруы Модэнің көзін жойып, өзінің Яньчжы есімді екінші әйелінен туған ұлын мұрагер етуді көздеуінен туындаған еді. Алайда аманаттағы Модэ юечжилардан қашып құтылып, әкесінің иелігіне келді. Тумынь оған 10 мың әскерден тұратын жасақты басқаруды тапсырды. Көп ұзамай әкесіне кектенген Модэ Тумыньды өлтіріп, билікті өз қолына алды.[1]

Дереккөздер

өңдеу
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том