Адамзат дамуы жөніндегі баяндамалар
Адамзат дамуы жөніндегі баяндамалар (Human Development Reports) – 1990 жылдан бастап БҰҰ-ның даму бағдарламасының (ПРООН) қамқорлығымен жыл сайын жарияланатын баяндамалар. Жобаның бірінші жетекшісі Махбуб уль Хак экономикалық өсімді зерттеуде тар шеңбердегі жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көрсеткіштерімен шектелмеуді, адамдар өмірін, жағдайын жақсарту шараларын әлемдік қауымдастыққа басқа қырынан көрсетуді мақсат тұтты. Оның бастамасымен Адам дамуы әлеуетінің индексі жасалды. Ол жан басына шаққандағы ЖІӨ-мен қатар өмір сүру деңгейінің сапасы, білім деңгейін, орта жасты өлшеудің баламалы әдісі, сонымен бірге дәл осы тәсілге негізделген халықтың кедейлік индексінің (ХКИ) екі нұсқасы жасалды: дамушы елдердегі (ХКИ-1) және өндірісі дамыған елдердегі (ХКИ-2) 170-тен астам мемлекеттің мәліметтерін өңдеуге сүйенген бұл индекстер адам дамуы әлеуетін салыстырудың мойындалған негізі бола алды. Олар арқылы ұлттық аймақтық және ғаламдық ауқымдағы әлеуметтік дамудың қарқынын байқауға болады. 1990-2003 жылдары 14 баяндама жасалды, олардың әрқайсысы адам дамуына әсер ететін нақтылы бір аспектіні анықтайды: кедейлік, соңғы үлгідегі технологияларды қолдану, жаһандану, қауіпсіздік саласындағы жағдайлар, адам құқы, демократия және т.б. Сонымен қатар БҰҰ-ның даму бағдарламасының (ПРООН) қамқорлығымен жасалатын адам дамуы жөніндегі аймақтық ұлттық баяндамалар аса құнды.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007. – 606 бет.Е.Саиров, Б.Әбдіғали, Т.Жабелова, Д.Әлібек.