Мазмұнға өту

Амниоттар

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Амниоттар (гр. amniota — амниоттар, қағанақтылар) — ұрықтық даму кезеңі (эмбриондық кезең) ішкі ұрық қабығы — амнион (қағанақ) қуысындағы сұйық ортада өтетін жоғарғы сатыдағы омыртқалы жануарлар. Амниоттарға (қағанақтыларға) ұрықтары құрлықта дамуға бейімделген бауырымен жорғалаушылар, құстар, сұтқоректі жоғары сатыдағы жануарлар мен адам жатады. Бұлардың ұрықтары жұмыртқаның ішіндегі немесе жатырдағы ұрық қабықтарының қуысында дамиды.[1]

Амниоттар – жоғары сатыдағы омыртқалы жануарлар тобы. Олардың ұрығының дамуы кезінде ұрықтың сыртында әр түрлі бейімделушілік қасиеттері бар арнайы ұрық қабықшасы – қағанақ түзіледі. Қағанақтыларға бауырымен жорғалаушылар, құстар және сүтқоректілер жатады. Қағанақтылардың бәрі де дара жынысты жануарлар әрі тек іштей ұрықтанады. Бұлар түрленбей дамиды, яғни ұрпақтарының дамуы кезінде дернәсілдік кезең болмайды. Ұрпақтарының сыртқы құрылысы бірден ересектеріне ұқсас болады. Қағанақтылардың ұрығының дамуы атмосфера ауасы бар ортада жүреді. Қағанақтыларды кейде нағыз құрлықта тіршілік етуге бейімделген омыртқалы жануарлар деп те атайды. Қағанақтылардың ұрықтанған жұмыртқасының құрылысы күрделенген. Жұмыртқада сары уыз бен белок мол, оның сыртында бірнеше арнайы ұрық қабықшалары (қағанақ, аллантоис, хорион, т.б.) пайда болған. Бұлардың жұмыртқасы қағанақсыздардың жұмыртқаларынан едәуір ірі болады. Қағанақтылардың жұмыртқасында қоректік заттардың қорының мол болуы ұрықтың түрленбей тікелей дамуына жағдай туғызады. Қағанақтылардың жұмыртқасын құрлыққа салуына байланысты көптеген бейімдеушілік белгілері қалыптасқан. Мыс., жұмыртқаны құрғап кетуден, мех. әсерлерден қорғайтын, газ алмасуына мүмкіндік жасайтын, сумен қамтамасыз ететін, ыдырау өнімдерін сыртқа шығаратын, т.б. бейімдеушілік белгілерін атауға болады. Жұмыртқа сыртындағы қорғаныштық қызмет атқаратын кальций тұздары сіңген ізбесті қабық, ұрықты даму барысында сумен қамтамасыз ететін ақуызды қабық, ұрық сыртындағы қағанақ қабық, ұрықтың тыныс алуын қамтамасыз ететін аллантоис қабығы және т.б. қабықтар ұрықтың қалыпты дамуына қолайлы жағдай жасайды. Қағанақтылардың бауырымен жорғалаушылар класы омыртқалы жануарлардың салқынқандылар, ал құстар мен сүтқоректілер – жылықандылар тобына жатады.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Биоморфология терминдерінің түсіндірме сөздігі/ - Алматы: "Сөздік-Словарь", 2009. ISBN 9965-822-54-9