Британника энциклопедиясы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Британ энциклопедиясы (Encyclopedіa Brіtannіca), “Британика” — әлемдегі ең байырғы әрі танымал энциклопедиялардың бірі. 1768 — 71 жылдары Эдинбург қаласында 3 томдық 1-басылымы жарық көрген. Британ энциклопедиясының алғашқы 8 басылымы кәсіби талаптар деңгейінен төмен болғаны, негізгі ұғымдар мен атаулардың неміс, француз тілдеріндегі кітаптардан сөзбе-сөз көшіріліп алынғандығы белгілі. 1910 — 11 жылдары жарық көрген 25 томдық 9-басылымнан бастап “Британиканың” мазмұны мен құрылымы энциклопедиялық талапқа сай жетілдірілді, жаратылыстану және нақты ғылым салалары бойынша тарауларға бөлінді. Әсіресе, 11-басылымы (1910 — 11 жылдары, 29 том) біршама жақсы шықты: сөзтізбе аясы кеңейтіліп, тұңғыш рет көзі тірі қайраткерлердің өмірбаяндары қамтылды; бірқатар мақалалардың ғылыми мазмұны ғалымдар тарапынан жоғары баға алды. 1929 жылы Британ энциклопедиясының 14-басылымы (24 том) шыққаннан бастап энциклопедияшылар қайта өңдеу жүйесімен жұмыс істеп, жыл сайын мақалалардың едәуір бөлігін жаңартып отыратын болды. Бірақ, бәрібір негізгі кемшіліктен арыла алмады: америкалық және ағылшын ғалымдары қайтадан жаңартылған мақалаларды талдай келе, уақыты өтіп кеткен, ескірген, кейде тіпті шындыққа жуыспайтын мағлұматтардың көп кездесетінін айтты. Британ энциклопедиясын шығарушылар көптеген елдердің ғалымдарын мақала жазуға тарта бастады. 20 ғасырдың басында ағылшын-америка баспагерлерінің ынтымақтасуы нәтижесінде энциклопедияның басылымдары мазмұны жағынан да, авторлар мен редакторлар құрамы жағынан да британдық-америкалық туынды болып шықты. Британ энциклопедиясының соңғы 29 томдығы 1994 жылы Чикаго (АҚШ), Лондон (Ұлыбритания), Париж (Франция), Рим (Италия), Сидней (Австралия), Токио (Жапония), т.б. қалаларда басылды. Бұған қосымша ретінде 4 томдық әр түрлі көрсеткіштер тізбесі жарияланды. Бұл басылымда Қазақстанға қатысты Н. Назарбаев (Nazarbayev), Алматы (Alma-Ata), қазақ (kazakh), Қазақстан (Kazakhstan), Арал теңізі (Aral sea) атты мақалалар бар. Ал қазақ тарихындағы Абай, Құрманғазы, Исатай, Махамбет, М. Әуезов, Қ. Сәтбаев сынды ірі тарихи тұлғалардың есімдері сөзтізбеге енбеген. Жалпы алғанда Британ энциклопедиясы, батыста жарық көрген басқа да энциклопедиялық басылымдар сияқты, Еуропаға табынушылық концепциясынан арыла қоймаған.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. “Қазақ Энциклопедиясы”, 2 том