Буынаяқтылар

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Буынаяқтылар

Буынаяқтылар (Arthropoda) — омыртқасыз жануарлар типі. Олар теңіз, мұхит суларында, өзен мен көлдерде, топырақта, үңгірлерде, орманда, ашық далада, шөлді жерлерде тіршілік етеді. 1,5 млн-нан аса түрлері белгілі. Буынаяқтылар 4 тип тармағына бөлінеді: желбезектыныстылар (Branchіata), хелицералылар (Chelіcerata), трилобиттәрізділер (Trіlobіtomorрha), кеңірдектыныстылар (Tracheata). Бұлардың дене құрылысы айқын сақиналарға жіктелген, 2 жақтаулы симметриялы. Аяқтары буын-буынға жіктелгендіктен Буынаяқтылар болып аталған. Денесі бас, көкірек және құрсақ бөлімдерінен тұрады. Дене сыртын хитин қабығы (кутикула) жабады. Ол қорғаныш әрі сыртқы қаңқа қызметін атқарады, оған бұлшық еттері жабысып бекиді. Буынаяқтылардың жүйке жүйесі жұтқыншақ маңындағы ганглиядан және құрсақ тізбегінен тұрады. Сезім органдарыиіс, дәм сезу мүшелері жақсы жетілген. Буынаяқтылардың өздігінен көре алатын фасетті көздері және тек жарықты сезе алатын көзшелері болады. Аяқтарының буындардан тұруы олардың жүрісін бағыттап отыруға, алуан түрлі күрделі қимылдар жасауға мүмкіндік береді. Қан айналу жүйесі ашық, жүрегі көп камералы. Буынаяқтылар денесіндегі целом қуысы, алғашқы қуыспен бірігіп кетіп, дененің тұрақты қуысын (миксоцель) құрайды, мұны аралас қуыс дейді. Тыныс алу жүйесі — желбезектерден (суда тіршілік ететіндерде), өкпе мен кеңірдектен (құрлықтағыларында) тұрады. Ас қорыту жүйесі ауыз қуысынан басталып, аналь саңылауымен аяқталады. Алдыңғы, ортаңғы және артқы (без қызметін атқаратын мальпигий түтік тәрізді өсінділерін түзеді) ішектері болады. Зәр шығару жүйесі суда тіршілік ететіндерінде көкірек аяқтарының түп жағында, ал құрлықтағыларында мальпиги түтігінде (артқы ішектің түтік тәрізді өсіндісі) орналасқан. Буынаяқтылар дара жынысты, кейбір түрлері жыныссыз (партеногенездік) жолмен көбейеді. Эмбрионалдық дамуы көп жағдайда түрленіп өтеді, сондықтан дернәсілдер мен ересек түрлерінің арасында айырмашылық көп. Буынаяқтылардың өсуі мен дамуы түлеуге байланысты, яғни олар түлеп, бұрынғы қатты қабығын (кутикуланы) тастаған сәтте ғана өседі. Буынаяқтылардың маңызы өте зор. Мысалы, кейбір шаянтәрізділер тағам ретінде пайдаланылады, жібек құртынан өнеркәсіп шикізаты алынады. Олармен балықтар, сүтқоректілер қоректенеді. Кейбір түрлері улы келеді (қарақұрт, бүйі, шаян, т.б.). Бұлардың ішінде масылдық тіршілік ететіндері немесе жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын адамға және жануарларға жұқтыратындары да бар (мыс., қан сорғыш кенелер, т.б.). Қазақстанда Буынаяқтылардың барлық кластарына жататын түрлер кездеседі. Олардың зиянды және масылдық түрлері, сондай-ақ, бау-бақша, егін зиянкестері зерттеліп, биол. және экол. ерекшеліктері анықталуда.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ Энциклопедиясы