Дадаизм

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
J.T.Baargeld,1920ж.

Дадаизмағылш. Dadа, немесе ағылш. Dadaism)- I дүниежүзілік соғыс кезінде Цюрихтен басталып өркендеген, бейнелеу өнерінде, әдебиетте (көбінесе өлең-жырларда), сахналық өнер салаларында айырықша көзге түскен өнер қозғалысы.

Ол XX ғ. батыс өнері дамуы тарихында өзінен кейінгі мәдени беталысқа ықпал еткен негізгі ағымдардың бірі болды. Дадаизмді дүниежүзілік І соғыстың аласапыранында Еуропаның күйреген көне қоғамы мен мәдениетінің туындысы деуге болады. Дадаизм әдеби-көркемөнерлік ағым ретінде тым қысқа уақыт жалғасса да, қозғалыс ауқымы біртіндеп тарайса да, бәрібір қазіргі заманғы түрлі көркемөнер ағымдарына түгел дерлік ықпал еткен өзгеше өнер бағыты болды.

Жалпы баян

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Дадаизмдік суреттер

Дадаизм қозғалысы ашық жиналыс, ереуіл, өнер шығармашылығы, әдеби гезет-журнал шығару секілді тәсілдерді қолданып саяси, мәдени мәселелерге өз тарапынан баға берді, түсіндірді, сын айтты, масқара, мазақ етті.

Дадаизмнің негізгі көздегені ояу күйдегі иррационализм (ақылға жаттық), немесе саналы түрдегі санасыздық, дәстүрлі өнер өлшемдерінен ашық бас тарту, күйреу сезімін бейнелеу, өмірге іреніш пен наланы аңғарту, мәнсіз, кездейсоқ, келсін-келмесін істермен өмір шындығын бейнелеу болды. Бұл өнер ағымының өмірге келуі кәрі Еуропаны қан қақсатқан жабайы соғыс – І дүниежүзілік соғысты (1914-1918) айыптау, соғысқа өнер көзімен аяусыз сын айту, қарсылық көрсету болды. Дадаизм бағытындағылардың ойы бойынша, орта таптың өнер мен өмірді түгел шырмап алған өлі, қатып-семген, сүркей, мешеу дүниетанымы мен өмірге көзқарасы І дүниежүзілік соғысты келтіріп шығарды. Дадаизм батыл сынақ еткен тәсілдер мен мазмұндар кейін сюрреализм, Флуксус ағымы қатарлыларға үлкен әсер етті.

Дадаизмшілер бойынша, «дада» өнер емес, өнерге ашық қарсылық. Өнер атаулының кезектегі өлшемі қалай болса да мейлі, дадаизм бәрібір олармен отаспайды. Өнер қашанда эстетикаға қатысты болғандықтан, дадаизмшілер эстетикалық сұранысты ескермеуге тырысты. Дәстүрлі өнер қашанда қажетті, астарлы, мағыналы ақпарларды жеткізетіні белгілі, ал дадаизм мәнсіздік шегінде тұрып өнермен (бәлкім бейөнер деп атауға болар) айналысты. Дадаизм туындыларын оқу, көру, бағалау, одан ләззат алу әркімнің өз тәбетіне қарай болмақ. Өнер иесі нені бейнелегісі келсе соны бейнелейді, қалай бейнелегісі келсе еш қымсынбай соны өнер деп бейнелей салады. Онда бір жүйе, айқын ойжелі, нақты ереже жоқ, адамның жүйкесіне тиетін кез келген нәрсе мен істі олар өнер ретінде алып шығуға таяр тұрады. Жұртқа белгілі дағдыға қарсылық, жұрт елемейтін, мән бермейтін, тіпті өнер деуге батылы бармайтын нәрселерді де (мысалы унитазды) өнер туындысы ретінде ұсыну олардың негізгі әдіснамасы. Өнер адамға белгілі сезім сыйлайды, таңырқатады, сүйінтеді, ал дадаизм өнерінен адам тек өнерге деген шабуылды, тіпті өнерге «сатқындықты» көреді. Қызығы сол, дадаизм өнерге сонша қарсы болғанымен, оның өзі де бір түрлі өнер ағымы болды. Ол дүниені өзінше түсіндірді, таныды, бағалады, мейлі ол өнерге қарсы, дүниеге аяусыз сын күйінде болғанымен, оның өзі өнер түрі болды.

Дадаизм қозғалысына қатысушылардың көбі нигилизм (құнсыздандыру, мәнсіздендіру) ықпалына ұшырағандар болып, адамзат жасаған барлық туындылар ақырғы есепте түкке тұрмайды, тіпті өнердің өзі де өнер деп әспеттеуге татымайды деп есептеді. Сондықтан олар өз шығармашылық тамырларын тосын кездейсоқтыққа негіздеді.

Дадаизм

Дадазим ағымы туындыларынан І дүниежүзілік соғыс кезіндегі көне күштердің, дәстүрлі құндылық өлшемдерінің күйреуін байқаймыз. Тәртіпсіз дүниеден нақты мәнді, мағыналы нәрсе таба алмаған соң, осынау тәртіпсіз, қисынсыз былықты осы дүниенің тума ерекшелігі деп таниды, және дүниені алдап келген әлем-жәлем дәстүрлі эстетика ережелері мен мораль өлшемдерінен оларды мазақтай отырып бас тартуға үндейді. Олардың ойынша дәл сол көне тәртіптер І дүниежүзілік соғыстың өте бір қанқұйлы және сорақы дағдарысына алып барды. Олар көне тәртіптен түбегейлі бас тартып, жеміріліп құлап жатқан дәстүрлі құндылықтар сарайының қасында нағыз шындықтың қалай екенін көрсету керек деп есептеді.

Дада сөзінің мағынасы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дада сөзінің қайдан пайда болғаны туралы айтылымдар алуан түрлі. Кейбіреулер бұл еш мәні жоқ сөз десе, кейбіреулер Румыния жазушылары көп қолданатын "Да", "Да", (солай, солай, орыстар да сол мағынада қолданатыны белгілі,) деген сөзінен алына салған деп есептейді. Ең кең таралған түсінік бойынша дада сөзінің келіп шығуын былай түсіндіреді: 1916ж. Цюрихте жиналған бір топ көркемөнер қайраткері өздерінің ұйымына бір атау бермекші болады. Олар "Фрнанцузша-Немісше сөздікті" еркін парақтап, ішінен кездейсоқ бір сөзді таңдағанда ол осы dada сөзі болып шығады. Әдетте француз тілі бойынша бұл сөз балалар мініп тербеліп ойнайтын ағаш ат мағынасын береді екен. Сөйтіп бұл қозғалыс арнаулы түрде емес, бейберекет таңдай салудан осы атауды қолдана салыпты.

Цюрихтан басталған дада қозғалысы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Марсель Дюшамптың бес жақты портреті (Portrait multiple de Marcel Duchamp), Broadway фото дүкені, Нью-Йорк қаласы, 21 маусым 1917
Ричард Хюэлсенбек, 1936 жылдың күзі: «Дада ауырады. Дада әзілдемейді, өйткені бұл өнерді өз эмоцияларының жалғандығы үшін безендіруді талап ететін филистер емес, революцияшыл адамдардың кешірмесі.

1916ж. Хуго Балля, Тристан Тцара, Ханса Арпа, Макса Эрнста және Марселя Янко секілді өзге елдерден қаңғырып келген бір топ өнер адамы Цюрихтегі «Вольтер шарапханасына» жиналып, өздерінің көркемөнер ұйымын құрады. Олар өз өнер туындылары арқылы рахымсыз соғысты айыптауға, соғысқа желіктірген құндылық көзқарастарына сын айтып, масқара етуге кіріседі. Сол жылы 6-шы қазанда аталған ұйымның аты «дада» болып ресми бекітіледі. Хуго Балля ашық түрде «дадаизм декларациясын» жариялады. Кейін Тристан Тцара да сондай декларация жариялады. Олар «Вольтер шарапханасы» атты журнал да шығара бастады.

Аталған шарапхана жұмысын тоқтатқан соң олар өз қозғалыс орталықтарын басқа бір сурет галереясына ауыстырды. Тристан Тцара Цюрихта 1917 жылдан бастап «дада» атты журнал шығара бастады. Соғыс ақырласқан соң еліне қайтқан дадашылдар өз елдерінде де аталған өнер бағытын тарқата бастады.

Немістердің дада қозғалысы басқа мемлекеттегі секілді «өнерге қарсы» болмады, қайта оларда қоғамдық саяси түзімді жаңалауға деген талпыныс анық байқалып тұрды. Олар жұртты желіктіретін үгіттер тарқатып, сын мен шенеуді қатар қолданып, әлеуметтік қозғалыстар мен саяси қарсылықтарға дейін барды.

1918 жылы Р. Хюльзенбек Берлинде дадашылдардың баяндамасын жасады. 1920 жылдарды дадашылардың халықаралық көргізбесін ұйымдастырды. Дегенмен дадашылдардың өзінде қайшылық көп болды, жеке бағыттарға бөліне бастады.

Әрине, дадашылардың ықпалы АҚШ-қа да жетті. Америкаға барған француз жазушылары мен өнер адамдары, мысалы Марсель Дюшан секілділер АҚШ-та «өнерге қарсы» ұжымының ұйымдастырушылары болды. Олар АҚШ қоғамын аяусыз сынайтын «соқыр», «Нью-Йорк дадасы» секілді арнайы журналдар шығарумен айналысты. Олар дәстүрлі өнерді «мұражайдағы өнер» деп мазақтады.

Marcel Duchamp, Бұлақ,

Әсіресе Марсель Дюшан нақты заттардан өнер туындыларын жасап, «тәуелсіз өнерпаздар қоғамына» қатысты. 1917 жылы Марсель Дюшан әйгілі «Бұлақ» деген туындысын ұсынды. Ол үстіне “R. Mutt” деген жазуы бар дәрет шелегі болатын. Аталған қоғам бұл туындыны көргізбе етуден үзілді-кесілді бас тартты.

Дадаизм Цюрихта өрістегенімен, оның өзекті орталығы бәрібір Париж қаласы болды. Сан өнердің қылауындай болып алуан өнерпаз жиналған осынау алып қалада дадаизмнің көптеген шаралары іркес-тіркес жүріп жатты.

Дадаизм көп елдерде кең тарағанымен, ол бәрібір тұрақты көркемөнер ағымы бола алмады. 1924 жылға келгенде дадаизм өз орнын сюрреализмге босатты, дадашылдар да бөлшектеніп, олардың бейнелеу тәсілдері басқа ағымдарға сіңіп кетті. ІІ дүниежүзілік соғыстың қарсаңында Еуропадағы дадашылдар АҚШ еліне қарай қашты, кейі Гитлердің концлагерінде өлді. Өзін суретші, өнер адамы деп түсінетін Гитлер бұл түрдегі «өнердің азғындауына» қатты шыдамсыздық танытты. Сөйтіп бұл ағымның ықпалы барынша әлсіреді.

1967 жылы Парижде дадашыларды еске алу мақсатындағы кең көлемді шаралар өткені мәлім.

Цюрихтегі «Вольтер шарапханасынан» басталған дадаизм ұзақ уақыт үнсіздікке шомып, тек 2002 жылы өздерін неодадаизм деп атаған адамдар өз әрекетін бастады. Бірақ олар да дадаизмді еске алудан артық үлкен қозғалыс қалыптастыра алмады. Ал, әйгілі "Вольтер шарапханасы" мұражайға айналдырылып, дадаизм қозғалысы тарихын еске алу орталығы болды.

Дадаизмді пысып жетілген жүйелі қозғалыс деу қиын, қайта ол көне өнер үлгісінен жаңа өнер үлгісіне ауысудың өткелі болғаны байқалады. Олардың өнертануында жоқтың орнын жаңа нәрсемен бастыру атымен болған жоқ. Олар негізінен көне тәртіп пен ережені бүлдіру, көнеден өш алу, масқара-мазақ ету сипатты өнер болды. Демек оның ұзаққа созылмауы табиғи еді.

Дегенмен, дәл сол дадашылардың көне сірі идеялар мен түсініктердің қалыбын шағу әрекеті, адамдардың жаттаны миын сілкіп, классикалық құндылықтар бойындағы көптеген мерездерді ашып көрсетуі модернизм және постмодернизм ағымдарының өмірге келуіне түрткі болды. Егер дадаизмнің жол ашуы болмаса, олардың табысты жұмыс істеуі қиын еді.

Пайдаланған материалдар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Ричард Хюльзенбек: «дадаизм шеберлерін еске алу» Калифорния университеті баспасы.
  • Серый Маркус: «Ерін ізі» Гарвард университеті баспасы.
  • Эйлин Хоффман: «Дадаизм және сюрреализм» Чикаго өнер академиясы баспасы.

Тақырыпқа пайдалы сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]