Даниэль Дефо

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Даниэль Дефо (ағылш. Daniel Defoe; 1660, Лондон—1731, Лондон) — ағылшын жазушысы, публицист. Атақты «Робинзон Крузоның өмірі мен таңғажайып, қызықты оқиғалары» романының авторы. Оның ата-бабаларының фамилиясы Фо болған, жазушы оған «Де» әріптерін қосқан. Дефоның әкесі қолөнерші болып, шеберхана ұстаған. Ол ұлын рухани академияға берген. Болашақ жазушы онда француз, итальян, испан және латын, көне грек тілдерін үйренді. Дефо Диссентер колледжін бітірді. Ол кәсіпкер шарап сатушы болып, Франция, Италия, Испания және Португалия елдерінде болды.

Өзінің алғашқы шығармаларынан бастап, Дефо буржуазиялық өкіметке қарсы болды. Ол герцог Монмауттың Яков ІІ ге қарсы көтерілісіне қатысты.1688-1689 ж.ж. мемлекеттік төңкерісті жақтады. Өзінің саяси көзқарасы үшін Дефо абақтыда да отырды. 1731 ж. 26 сәуірде кредиторлардан қашып жүрген кезде семьясынан алыс жерде қайтыс болды.

Дефо өз заманының саяси өмірі, экономикасы, моралі, діні, тарихы жайлы көптеген публицистикалық шығарма жазды. «Таза қанды ағылшын» (1701) атты өлеңмен жазылған памфлетінде дандайсыған ақсүйектерді, діни фанатизмді әшкереледі. Дегенмен, Дефо көптеген шығармаларында буржуазиялық құрылыстың нығаюын, сауда-саттықтың дамуын қуаттады («Жобалардың тәжірибесі», 1697 ж.). Дефоның тұңғыш романы «Робинзон Крузо» оны дүние жүзілік даңққа бөледі. «Робинзон Крузодан» (1719) кейін Дефо «Капитан Сингльтон» (1720), «Молль Флендерс» (1722), «Полковник Жактың тарихы» (1722), «Роксана» (1724), «Капитан Карлтонның мемуары» (1728) романдарын жазды.

Даниэль Дефо 1661 жылы ет саудагері Джемс Фоның отбасында дүниеге келді. Кейін жазушы фамилиясын Дефо деп өзгертті. Дефоның отбасын тек сауда мен дін ғана қызықтырды. Оның әкесі діни көзқарасы бойынша пуритан әрі диссидент болды. Әкесі кішкентай Даниэльдің ерекше қабілетін байқап, пуритандық шіркеудің священниктерін даярлайтын, «академия» деген атақ алған диссиденттік мектепке оқуға береді. Ал Дефо болса өз кезегінде діни қызметкер болудан бас тартып, саудамен айналысады. Ол өмірінің соңына дейін коммерсант болып қала берді. Әуелі фабрикант, одан соң Англиядан мата шығару әрі сырттан вино кіргізу ісі бойынша делдал қызметін атқарды. Нәтижесінде черепица зауытының қожайыны болды. Сауда-саттық делдалы болып жүргенде Даниэль Еуропаға, әсіресе, Испания мен Португалияға көп саяхат жасайды. Сауданы дамыту үшін Дефо әртүрлі коммерциялық жоспарлар жасап, жаңа кәсіпкерліктер ашып, бірде байып, бірде кедейленіп қалып отырды. Сонымен бірге, ол өз заманындағы саяси оқиғаларға белсене араласып отырды. 1688 жылы болған «даңқты төңкеріске» атсалысып, Вильгельм ағылшын жағалауына келгенде Дефо оның армиясының құрамына кіріп, бай көпестер ұйымдастырған корольдің салтанатты шеруіне қатысады. [1] Ал 1702 жылғы Вильгельм ІІІ-нің өлімі жазушының корольге артқан үмітін үзеді. Ол «Жалған жоқтаушылар» атты памфлетінде корольдің өліміне қуанған ақсүйектерге ашу-ызасын білдіреді. Дефо 1702 жылы анонимді түрде «Диссиденттерді жазалаудың ең қысқа тәсілі» деген брошюро шығарды. Брошюро диссиденттерді қырып-жоюға шақырған ағылшын шіркеуі өкілінің атынан жазылған. Үкімет пен шіркеу кітапшаның мағынасын толық ұғып, бой бермейтін памфлетисттің қаншалықты қауіпті екендігін түсінді. 1703 жылдың қаңтарында Дефоны тұтқындау туралы жарлық шықты. Дефо полициядан қашып, жасырынды. «Лондондық газетте» оны тапқан адамға үкіметтің 50 фунт стерлинг беретіндігі жайлы хабарландыру шықты. Онда Дефо «арықша келген, орта бойлы, жасы шамамен қырық жаар, қара торы, қою қоңыр шашты, сұр көзді, ілмек мұрынды және аузының маңында үлкен қалы бар» деп суреттелді. Нәтижесінде жазушы ұсталып, Ньюгет түрмесіне қамалды. Ал памфлетті орталық алаңда жұрттың көзінше өртейді. Дефоға шығарылған үкім өте қатал болды. Ол үлкен айып төлеп, масқара бағанасында үш есе артық тұрып, түрмеде королеваның бұйрығы шыққанға дейін белгісіз уақыт қамалуға мәжбүр болды. [2] Дефо шығармашылығы әрқилылығымен ерекшеленеді. Оның түрлі жанрда жазылған 250 еңбегі бар. Олардың ішінде өлеңмен жазылған және прозаикалық памфлеттер мен көлемді романдар да кездеседі. Жоғарыда айтылған саяси памфлеттер мен «Жоба жайлы тәжірибесінен» бөлек ол 1703 жылдан кейін әртүрлі мазмұндағы көптеген очерктері мен мақалаларын жарыққа шығарды. Онда саудаға ерекше мән беретін этнографиялық және тарихи еңбектер де бар: «Сауданың, әсіресе британдық коммерцияның жалпы тарихы» (1713); «Жаңалықтар мен кемелдендірудің, әсіресе, әлемнің барлық бөліктеріндегі сауда-саттық, навигация және егін шаруашылығының ұлы салаларының жалпы тарихы» (1725); «Ұлыбританияның барлық аралдарына саяхат» (1727); «Московияның қазіргі патшасы, Петр Алексеевичтің өмір тарихы» (1723). Автордың «Үлгілі ағылшын негоцианты» (1727) атты трактаты бар. Дефо ағылшын журналистикасының негізін салушы болып саналады. 1705 жыл мен 1713 жылдар аралығында ол «Француз істеріне қысқаша шолу» атты газетін шығарады. Публицистикалық және тарихи жұмыстар жазып көп тәжірибе жинақтаған Дефо қартайған шағында көркем шығармалар жазуға кіріседі. Ол өзінің атақты романы – «Робинзон Крузоның өмірі мен таңғажайып, қызықты оқиғаларын» (1719) 58 жасында жазды. Көп ұзамай романның екінші, үшінші бөлімдері жарыққа шығып, онан соң қаламгердің «Әйгілі капитан Сингльтонның өмірі мен қызықты оқиғалары» (1720), «Кавалердің мемуарлары» (1720), «Оба жылының жазбалары» (1721), «Атақты Молль Флендерстің қуанышы мен қайғысы» (1721), «Аса құрметті полковник Жактың тарихы мен тамаша өмірі» (1722), «Леди Роксананың өмірі мен тарихы» (1724), «Джордж Карльтонның жазбалары» (1724) атты бірқатар романдары жарияланды. [3]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. История зарубежной литературы ХУІІ-ХУІІІ в.в. С.Д.Артамонов, З.Т.Гражданская, Р.М.Самарин. Москва, Просвещение, 1973
  2. А.А.Тахо- Зарубежная литература. С.В.Тураев, И.Б.Дюшен, Г.А.Могилевская, Годи. Москва, Просвещение, 1975
  3. История зарубежной литературы ХУІІІ века. Под ред. В.П.Неустроева, Р.М.Самарина. Издательство Московского университета, 1974