Емшектегі бала

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Емшектегі бала

Емшектегі бала[1] - анасының сүтін еметін сәби. Бұл кезеңде баланың денсаулығының, ақыл-ойы мен организмінің өсу негізі қаланады. Дені сау бала өсіріп, оны дұрыс тәрбиелеуді қамтамасыз ету үшін бала организмінің осы кезеңдегі кейбір ерекшеліктерін жете білу керек.

Өсу кезеңдері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Нәрестенің алғашқы бір жылы дүниеге келу кезеңі (алғашқы төрт апта);
  • Емшектегі кезеңі (бір жас толғанға дейін).

Нәрестені анасының организмінен тыс өмір сүруге көндіктіру үшін оның организмінің көптеген органдары мен жүйелерінің функцияларын өзгертуге тура келеді. Емшектегі баланың органдары мен клеткаларының анатомиялық - физиологиялық ерекшеліктері, иммунитет қабылдау мүмкіншіліктерінің жеткіліксіздігі әр түрлі ауруларға шалдығуын күшейтіп, олардың ұлғаюына себепші болады.

Емшектегі баланың дене салмағы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Емшектегі баланың дене салмағының артып, бойының өсуі оның жалпы дамуына тән қасиет.

  • Баланың туған кездегі салмағы:
    • мерзімінде туған (39—40 аптадан кейін туған) ер баланың салмағы 3500±450 грамм;
    • қыз баланың салмағы 3300±460 грамм;
    • бойлары 47—56 cм аралығында болады (кейде 50—51 cм).
  • Салмақ қосу барысы:
    • алғашқы айда сәбидің дене салмағы 700—800 грамға дейін өседі де, кейін біршама баяулайды;
    • бірінші жарты жылдықтың әр айында 600 грамнан;
    • екіншісінде — 500 грамнан.
  • Баланың салмағы 5—6 айлығында 2 есе, ал бір жасқа толар шағында 3 есе өсіп, 10-11килограмға жетеді.
  • Ірі болып туған балаларға қарағанда жеңіл салмақпен туған балалар айына салмақты көбірек қосады.
  • Бойларының өсу барысы:
    • емшектегі баланың бойы да айтарлықтай өседі, бір жасқа толарда баланың бойы орта есеппен 25 см өседі;
    • нәрестенің бойы алғашқы 4 айда шапшаң өседі де, айына 3 cм қосып отырады, бұдан кейін бойының өсу қарқыны біртіндеп баяулайды:
      • 4 айлығынан 6 айлығына дейін айына 2—2,5 cм;
      • 7 айлығынан 9 айлығы аралығында айына 2 cм;
      • 10 айлығынан 12 айлығы аралығында айына 1,5 cм.

Дене күтімі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Емшектегі баланың әсіресе жаңа туған нәрестенің терісі үлбіреген жұмсақ келеді де, ол тез жарақаттанады. Сондықтан дұрыс күтілмеген жағдайда тері қатпарлары базданып іріңдей бастайды.
  • Сүйек тканьдерінде тұз аз болғандықтан, олар шеміршек тәрізді майысқақ болып келеді де, сәбидің күтімі дұрыс болмаса (мысалы, егер баланы жастыққа отырғызса, аяғына ерте тұрғызса), тез қисаяды.
  • Сәбидің бас сүйегі онша жетілмей туады, бас сүйектің қосылған жігі жұмсақ, былқылдап тұрады. Оны еңбегі деп атайды. Ол балаға 9—14 ай толғанда қатады.
  • Емшектегі баланың басы үлкен болады:
    • жаңа туған нәрестенің басының шеңбері 34—36 cм;
    • бір жастағы баланың басы 45—46 cм.
  • Қолы мен аяғының ұзындығы бірдей, ал бойының ұзындығына қарағанда аяғы біршама қысқа келеді.

Дене температурасы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ересектердің температурасына қарағанда емшектегі нәрестенің температурасы 0,3—0,4°С жоғары болады. Олар сыртқы температураның өзгерісін тез сезінеді, тіпті оның әсерімен сәбидің денесінің температурасы да өзгеруі мүмкін.

Тыныс алуы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Емшектегі баланың өкпесі мен тыныс алу бұлшық еттері онша жетілмегендіктен, олар ауаны ересектерге қарағанда екі есе көп қажет етеді, өйткені олардың тыныс алысы жиі, біркелкі емес.
  • Бала бір жасқа толарда өкпесі мен тыныс алу бұлшық еттері жетіледі, тыныс алысы сиреп, тереңнен тыныстайтын болады.

Жүрек тамырлары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Жаңа туған нәрестенің жүрек тамырларының жүйесіне күш көп түседі.
  • Баланың тамыр соғуы жиі өзгеріп отырады (мысалы, бала қатты жылаған кезде минутына 160—200 рет cоғатын болады).
  • Нәрестенің өсуіне қарай оның күре тамырының қысымы арта түседі:
    • 3 айлығына дейін оның мөлшері орта есеппен сынап бағанасымен 75/50 мм;
    • 9—10 айлығында—90/65 мм-ге жетеді.

Тісінің шығуы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Тіс жару барысы:
    • дені сау бала 6—8 айлығында тіс жарады (төменгі екі тісі);
    • 8—10 айлығы аралығында үстіңгі 4 тісі;
    • бір жасқа толғанда тағы да төменгі 2 тісі, сөйтіп1 жасқа толған балада 8 тіс болады.
  • Тіс шығу кезінде асқазанның бұзылғаны(іш өту, тәбеті қашу, аузынан сілекей ағу), қызыну, мазасыздану, ыстығы көтерілу, ұйқысы қашу сияқты процестер байқалады. Бірақ мұндайда ем қолданудың қажеті жоқ.
  • Баланың организмі кешеуілдеп, жәй өскенде, әсіресе мешел баланың тістері кеш шығады.

Нәресте организмінің өмірге бейімделу ерекшеліктері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Ішек құрылысы органдарының жүйке жүйелерінің толық жетілмегендіктен, сәбидің дүниеге келген алғашқы айларында асты дұрыс қорыта алмауы: құсуы, іші кебуі, кекіруі, дәретке жиі отыруы т. б. мүмкін.
  • Кейде бала емшек емгенде өңешіне ауа кетсе шашалады, кекіреді, құсады.
  • Бала емшекті жиі емсе, оның денсаулығының жақсы болғаны.
  • Кез келген аурудың алғашқы белгісі — сәбидің бей-жәйлікке түсуі немесе емшектен бас тартуы.
  • Емшектегі бала алғашқы апталарда дәретке тәулігіне 4—5 рет, ал жыл аяғында 1—2 рет отырады. Нәресте туғаннан кейін алғашқы 3 күн ішінде кіші дәретке онша көп отырмайды (тәулігіне 4—5 рет), бірақ алғашқы аптаның аяғында, 2-аптаның ортасында тәулігіне 20—25-ке дейін кіші дәретке отырады да, жасқа толарда ол 15—16 ретке дейін азаяды.
  • Нәрестенің жүйке жүйелері толық жетілмей, жұтыну, есінеу т. б. шартсыз рефлекстерімен туады ауруға, ыстық, суыққа реакция).
  • Сәби жарықты жақсы сезінеді, бірақ естуі нашар болады.
  • Емшектегі бала тез қалжырайды, сондықтан ол тәулігіне 17—18 сағаттан кем ұйықтамауы керек.
  • Сәбидің организмі анасынан алған иммунитеттің арқасында кейбір инфекциялық ауруларды қабылдамайды.
  • Сонымен бірге баланың организмінде ірің тудыратын көптеген микробтарға қарсы тұратын қорғаныс күштері жеткіліксіз болады, сондықтан емшектегі бала мұқият күтуді қажет етеді.

Нәрестенің бейімделуінде емдеуді қажет етпейтін туындайтын жағдайлар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Оларға жататындар:

  • дене массасының физиологиялық кішіреюі - бұл процестер барлық нәрестелерде алғашқы 3-4 күн ішінде байқалады. Сәбиді дұрыс тамақтандырып күткенде, баланың денесі 4-5 күннен кейін біртіндеп өсе бастайды да, 1-ші аптаның аяғы мен 2-ші аптаның ортасына қарай бастапқы өз салмағына теңеседі;
  • терінің физиологиялық талаурауы - тері алғашқы 1-2 күн ішінде талаурап, қызарады. Бұл әсіресе баланың буындары мен өкшелерінде бірнеше сағаттан 2-3 тәулікке дейін созылады да, содан кейін түлей бастайды;
  • токсикалық эритема (қызару) - терінің жалпы қызаруымен бірге пайда болатын әр түрлі бөрткен. Ол жаңа туған нәрестелерде көп кездескенімен, 2 тәуліктен кейін ешқандай залалсыз, өзінен-өзі із-түзсіз жоғалып кетеді;
  • транзиторлық безгек - нәресте туғаннан кейін 3-4 күн ішінде, су алмасуының бұзылуы себепті, сұйық заттарды жеткіліксіз қабылдаумен байланысты пайда болады; мұндай жағдайда ыстығы 40°С -ге дейін көтерілуі мүмкін; бала мазасызданады. Ішінде сұйық жібергеннен кейін (қайнаған су, глюкозаның 5 проценттік ерітіндісі, шай) безгек басылады;
  • жыныс кризі - баланың сүт бездерінің ұлғайғаны байқалады (жынысына қарамайды); кейде қыз баланың жыныс органынынан шырыш пен қан бөлініп шығады да, 2-3 күннен кейін тыйылады. Жаңа туған баланың жыныс кризі алғашқы 3-7 күн аралығында байқалады. Үлкендігі бұршақ дәніндей немесе түйе жаңғағындай бездер ойнамалы болады, ол аздаған ақшыл сұйықтан тұрады. Оның ісігі 2-3 аптадан кейін қайтады. Сондықтан емдеуді қажет етпейді; жиналған сұйықты қолмен сығып шығаруға болмайды. Сүт бездеріне инфекция түсіп, қабынуды болдырмас үшін тазалықты қатаң сақтау керек.

Қимыл-қозғалысы мен психикасының дамуы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Нәрестенің ай сайынғы дамуындағы өзгерістер:
    • 1 айлық бала тік көтерген кезде басын ұстауға тырысады;
    • 2 айлығында етпетінен жатып, басы мен кеудесін көтереді;
    • 3 айлығында етпетінен жатып, шынтақтап денесін көтереді, демеп ұстаса, жамбастап отырады, шалқалап жатып, бүйіріне аунап түседі, мойны қатайып, басын тік ұстайды;
    • 4 айлығында қозғалысы ширап, жеңілдей түседі; бала көтерілгенде алақанымен жер тірейді, әрі-бері аунап түседі, шалқалап "көпір" жасайды, әр түрлі заттарды қолына ұстайды;
    • 5 айлығында әлденеге сүйеніп отырады, қолтығынан демесе, тізесін бүкпей түзу тұрады;
    • 6 айлығында демеп ұстамай-ақ өзі құйрығын басады, немесе тік тұрып, аяғын басуға талпынады;
    • 7 айлығында еңбектейді, өздігінен отырады, тізерлеп тұрады, қолынан ұстап демесе, аттап қадам басады, ойыншықтарын бір қолынан екінші қолына алмастыра алады;
    • 8 айлығында өздігінен отырады, басын өзі көтере алады, бір нәрседен ұстап жүруге талпынады;
    • 9 ай толғанда қаз тұрады және қолынан жетектесе қаз-қаз басады;
    • 10 айлығында өздігінен отырып тұрады, үстелді айналып жүреді, бір қолынан ұстаса, алғашқы қадам жасауға талпынады;
    • 11-12 айлығында бір қолынан ұстағанда жақсы жүреді, демеп ұстамай-ақ өздігінен жүруге талпыныс жасайды, сүйеусіз-ақ отырады, жерде жатқан затты тізерлемей жерден көтеріп алады.
  • Сана-сезімі мен тілінің дамуы:
    • нәресте дүниеге келгеннен кейін 2-аптада-ақ оянғаннан кейін бірнеше минут көзін ашып жатады, қарны ашқан кезде жылай бастайды, саусағын сорады;
    • анасы емізерде бетін солай қарай бұрып, аузын ашады, емуге ыңғайланып, жұтынады;
    • 1 айлығында ширап, аяқ-қолын ербеңдетеді, басын жан-жаққа бұрады, түрлі-түсті заттарға көз тоқтатып қарайды;
    • 2 айлығында дауыс шыққан жаққа мойынын бұрады, ашық түсті зат көрсетсе, емгенін тоқтатады, әр түрлі эмоциялық реакция пайда болады, өзіне қаратып айтылған сөзге езу тартып шалықтап, "гуілдейді";
    • 3 айлығында дыбыс шыққан жақты сезеді де, сол жаққа бұрылады, кәдімгідей күледі;
    • 4 ай толғанда заттың қозғалысын көзімен бақылайды, бөтен адамға жатырқап қарайды, іліп қойған ойыншықрады түрткілеп ойнайды, оларды ұстайды;
    • 5 айлығында анасы мен туыстарын жақсы таниды, өзіне қаратып айтылған дауысты ажырата алады, іліп қойған ойыншық, сылдармаққа қолын созып ұстап, көпке дейін босатпайды;
    • 6 айлығында ойыншықтарға көңіл аударады, оларды қолына ұстап көтеріп, бір орыннан екінші жерге алып қояды, сөз буындарын айтуға алғашқы талпыныс жасайды, қасықпен берген тамақты іше алады, тағамды көргенде аузын ашады;
    • 7 айлығында айнадағы өз келбетіне қарай талпынады, көп уақытқа дейін уілдеп "сөйлейді", бір орында тұрған затты көзімен іздейді, қолда қолға ұмтылады, сөдің жеке буындарын ("ма-ма", "а-па") жақсы айта алады;
    • 8 айлығында ересектердің өтінішімен үйреткен қимылдарды қайталайды, көзіне түскен затты қолына алуға немесе іздеп табуға тырысады, ойыншықтарға анықтап қарайды, бір-біріне соғады т.б.;
    • 9 айлығында әр жерде жатқан ойыншықтарды іздеп табады, кейбір сұрағаныңды орындайды, ұсақ заттарды жинастырады, жәшіктегі ойыншықтарын алып ойнайды;
    • 10 айға толғанда қарапайым сөздерді айта алады, атаған ойыншықты өзі іздеп табады, тыйым салғанды ұғады, жасырынбақ ойнайды (бетіне жаялығын бүркейді);
    • 11-12 айлығында көптеген заттардың атауын біледі, 10-12 сөзге тілі келеді, дене мүшелерін айырып көрсете алады, көресткен және бұрын таныс әрекеттерді қайталайды, сондай-ақ жаңадан әрекеттер жасайды т.б.

Баланы шомылдыру

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Нәрестені алғашқы 5-7 күн ішінде ваннаға отырғызып шомылдырмай (кіндігі түскенше), тек күн сайын сабындап, жылы сумен жуындырады.
  • Нәрестені шомылдыратын судың температурасы 35-36°С болуы тиіс; ал алғашқы аптаның ішінде судың температурасын бұдан да жылы жасайды (36-37°С).
  • Бөбекті шомылдыратын бөлменің температурасы 20°С-дан төмен болмауы керек.
  • 6 айға толмаған баланы ваннада 5 минуттан артық ұстауға болмайды, ал 6 айдан асқан соң 10 минут шомылдырады.

Баланың дене мүшелерін жуу барысы:

Толық мақаласы: Баланы шомылдыру

Баланы серуендету

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Жаз айларында туған балаларды әйелдер босанатын үйден шығысымен-ақ далаға шығаруға болады, ал қыста туған баланы ауаның температурасы 10°С -ден төмен болмаса, 2-3 аптадан кейін шығарады.
  • Алғашқыда 10 минуттан артық серуендетуге болмайды; ал бір айлық бала таза ауада 40 минут болғаны жөн. Кейін бірте-бірте 5-10 минуттан қосып отырады да, сәби 3 айға толғанда серуенге шығу уақытын күніне 4 сағатқа дейін (қыста) жеткізеді.
  • Суық уақытта 2,5-3 айлық баланы күніне 2-3 рет далаға шығарып тұру керек, бірақ барлығы 2 сағаттан аспауы тиіс.
  • Бүлдіршінді далаға шығарда ауа райына қарай киіндіреді.

Бала ойыншықтары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ойыншықтарды баланың жасына қарай алу керек, бірден көп алуға болмайды, бала бір ойыншыққа көңіл аударуына, зер салып қарауына мүмкіндік жасау керек.

  • 3 айлық балаға ойыншық тек көңіл аударып қарау үшін ғана қажет (шар, балық, үйрек т.б.);
  • 3 айдан 6 айға дейінгі балаға қолына ұстатуға ыңғайлы ойыншықтар;
  • 6 айдан бастап әр түрлі пішінді дыбыссыз, дыбысты ойыншықтар. Дыбысты ойыншықтар бала тілінің жетілуіне және сөзді түсінуіне ықпал жасайды;
  • 9-12 айлық балаға шығыршықты пирамидалар, текшелерді беруге болады.

Тағы қараңыз

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. "Шаңырақ" үй-тұрмыс энциклопедиясы. Алматы. 1991. ISBN 5-89800-035-6 (1-й з-д)

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Косметика и уход за телом. Красивая и ухоженная с головы до ног /перевод с немецкого И.Каринцевой/-М.:КРОН-ПРЕСС, 1997.-240с. ISBN 5-232-00537-5