Имам

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Ислам туралы мақалалар тізімдемесінің бөлігі
Усул әл-фиқһ

(Фиқһ негіздері)

Осы үлгіні: көру · талқылау · өңдеу

Имам (араб.: إمام‎,‎) – намаз кезінде алда тұратын адам, рухани жетекші, мұсылман қауымдастығының басшысы.

Күнделікті өмірде имам деп мешітте көпшілік болып намаз оқуды басқаратын жетекшіні атайды. Имам қызметін үнемі бір адам атқара беруі мүмкін, алайда имам дәреже де, кәсіп те емес. Имам беделінің мойындалуы оның, шын мәнінде, намазға басшылық етуіне тікелей байланысты. Қалалық, аймақтық және ауылдық мешіттерде имам қызметін, әдетте, қарапайым діни білімі бар адамдар атқарады. Орталық мешіттер имамының арнаулы діни білімі және діндарлар алдында үлкен беделі болуға тиіс. Ислам діні таралуының алғашқы жылдарда имам қызметін Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) өзі атқарды, ол қайтыс болған соң бұл қызметті халифалар жалғастырды. Олар тек намаз кезінде алда тұрушы адамдар ғана емес, сонымен бірге мұсылман қауымдастықтарының басшылары болғандықтан имам жоғары діни және саяси бедел иесі болып саналады. Жоғарғы билік туралы сунниттер тұжырымдамасы бойынша, барлық мұсылмандардың имамы халифа болып табылады. Ал халифаның негізгі қызметі – дінді қорғау және діни заң негіздерінің қауымдастық өмірінде дұрыс көрініс табуын қадағалау. Сунниттер мен хариджиттер имамды сайланатын немесе одан бұрынғы имам тағайындайтын қауымдастық өкілі деп есептейді. Шииттер қағидасы бойынша, имамның жоғары билігін Алла белгілеген, оның адамдар қалауына тәуелді болуы мүмкін емес, сондықтан имамды сайлап қоюға болмайды. Имамды сайлауды түбірімен теріске шығара отырып, шииттер мұсылман қауымдастығы мен мемлекетіне басшылық жасаудың ең жоғарғы билігі Әли Әбу Тәліп (Әзірет Әли) әулетінің мұрасы деп жариялады. Шииттік діни ілім бойынша, заңды имам – ислам қауымдастығының басшысы, пенделердің тұрмыс-тіршілігіне жағдай жасау тапсырылған пайғамбардың ізбасары, діни білім мен фикї өлшемдерін түсіндіруші, Құран мен өсиеттерге түсінік беру барысында ең соңғы ақиқат сөздің иесі. Ол – адамдарды заттардың құпия сырларын түсінуге бастайтын ең жоғарғы діни қайраткер. “Имам” термині шииттерде де, сунниттерде де ірі діни қайраткерлерді, үлкен қауымдастық жетекшілерін, діни-хұқықтық бағыттар мен дін ілімі мектептерін құрушыларды құрметтеп атау үшін де қолданылады.[1][2]

Сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IV том
  2. Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010 ISBN 9965-26-322-1