Инвертор
Инвертор (латынша іnverto –аударамын, өзгертемін) – 1) радиотехникада – шығысындағы электр сигналдары амплитудасының өзгерісі, полярлығы немесе фазасы кірісіндегіге қарағанда қарама-қарсы болатын электр тізбегі немесе электрондық құрылғы. Радиотехникалық аппаратурада (фазоинверторда) инверторды амплитудалары тең, бірақ фазалары қарама-қарсы болатын екі сигнал алу үшін пайдаланады;
2) электртехникада – тұрақты токты бір фазалы немесе көп фазалы айнымалы токқа түрлендіретін (газразрядты немесе шала өткізгішті аспап) қондырғы;
3) есептеу техникасында – цифрлық сигналдар үшін логикалық терістеу амалын (“емес”) орындайтын электрондық элемент. Сонымен қатар инвертор мәлімет өңдейтін және тасымалдайтын компьютер құрылғыларында электр сигналдарын қалыптастырып күшейтеді. Әдетте, интегралдық сұлбалар құрамында болып, транзисторлық элементтерден тұрады. Потенциалдық және импульстік инверторлар болып ажыратылады. Потенциалдық инверторде кірісіндегі кернеудің жоғары деңгейі шығысында төменгі деңгейге түрленеді және керісінше. Оның кіріс сигналы мен шығыс сигналының арасындағы байланыс логикалық “емес” функциясына сәйкес келеді. Импульстік инверторде кірісіне сигнал келген сәтте оның шығысында полярлығы кірісіндегіге қарама-қарсы сигнал қалыптасады. Инвертор компьютерлердің логикалық элементтерінің негізгілерінің бірі болып табылады. Интегралдық сұлбаларда инвертор өзіндік тәуелсіз міндет атқармай, күрделі логикалық сұлбалардың құрамына кіретін қарапайым элемент қызметін атқарады.[1]
Сілтемелер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IV том
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |