Көрме

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Көрме

Көрме – белгілі бір қоғамның не жеке адамның материалдық және рухани жетістіктерін көпшілікке көрсету.

Көрменің бірнеше түрі бар.[1]

  1. Алдына қойған мақсатына қарай – сауда, ғылыми-техникалық, өндіріс, құрылыс көрмелері, т.б.
  2. Өткізілу мерзіміне қарай – кезекті (жыл сайын, жыларалық, екі жылда т.б.) немесе кезексіз (мереке, конгресс, съезд т.б. байланысты көрмелер), тұрақты (мысалы, халық шаруашылық жетістіктер көрмесі).[2]

Көрмелерге қойылатын заттар түріне қарай экономика, ғылым, техника және мәдениеттің барлық салаларын қамтитын көрмелер де болады. Көрмелер қатысушылар құрамына қарай дүниежүзілік, халықаралық, аймақтық көрме ретінде ұйымдастырылады.

Алғашқы көрме 16 ғасырдың аяғында Европада өткізілген. Кейінгі ғасырларда, әсіресе 19-20 ғасырларда өндірістің, сауданың дамуына байланысты көрменің маңызы артып, түрі көбейді.

Көрменің ең бір маңызды түрі өндірістік көрме, Ресейде ауылшаруашылық саласының ірі көрмесі Петербургте (1850, 1860 жылдары) ұйымдастырылса, Мәскеуде (1864, 1895 жылдары), Харьковте (1887 жылы), Киевте (1913 жылы), Холмогорда (1875 жылы) ірі көрмелер өткізілген. Кейбір жерде, мысалы, Польша, Тула, Қазақстан жеріндегі — Ақмола, Қазалы, Қарқара, Қызылжар, Қоянды, Түркістан, Семей тағы басқа жерлерде болған жәрмеңкелер көрменің бір түрі болып есептеледі.

В.И. Ленинің ұсынысымен Бүкіл ауылшаруашылық бірінші көрме 1923 жылы 19 тамызда Мәскеуде ашылған. Бүкілодақтық тұрақты көрме 1939-1941 жылдар және 1954-1958 жылдарда қызмет істеді. КСРО Министрлер Кеңесінің 1958 жылғы 28 мамырдағы қаулысымен бұл көрме Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктер көрмесі құрамына кіріп, жаңа құрылған көрменің үлкен маңызды бір саласына айналды. Сондай-ақ жеке дара болған өндіріс, ауыл шаруашылық, құрылыс көрмелері Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне біріктірілді. Бұл 1959 жылдың 16 шілдесінен бастап жұмыс істей бастады. Мұның жұмысын КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары басшылық ететін көрменің бас комитеті басқарды. Көрменің мақсаты — өндіріс, құрылыс, ауылшаруашылық транспорт, техника, мәдениет, денсаулық сақтау салаларындағы ғылыми жетістіктерді, жаңа технологияларды насихаттау, бұған барлық шаруашылық саласындағы қызметкерлерді үйрету болып саналды.

Ауыл шаруашылық жетістіктері облыс, аудан шаруашылық ішіндегі көрмелерде көрсетіліп, Германияда (1958, 1959, 1960, 1961, 1962, 1964, 1967, 1969 жылдар), Венгрияда (1962, 1964, 1970 жылдар), Румынияда (1960,1965 жылдар), Югославияда (1965, 1967 жылдар) Үндістанда (1960-1961 жылдар) ұйымдастырылған көрмелерге, Чехословакия, Ұлыбритания, Франция, Моңғолия, Бразилия, Үндістан, Бирма, Италия, Жаңа Зеландия, Венгрияда өткізілген сауда-өнеркәсіп көрмелеріне қатысып, Брюсель, Монреаль, Осака тағы басқа жерлерде дүниежүзілік көрмелер өткізген.

Көрмеден озып шыққан шаруашылық ұйым, мекемелерге құрмет дипломы және 1-3 дәрежелі дипломдар ал жеке кісілерге (ғалым, инженер, конструктор, агроном, жұмысшы, колхозшы және т.б.) алтын, күміс не қола медалдарға қоса ақшалай сыйлық беріледі. Жыл сайын өндіріс орындары, кеңшар, ұжымшарларға 4 мыңдай диплом, озаттарға 60 мыңдай медаль беріледі.

Бүкілодақтық халық шаруашылық жетістіктері Көрмесінде 1954 жылы салынған ғылым, техника, экономика және т.б. жетістіктерін көрсететін орталық павилионнан басқа ірі павилиондар – «Машина құрылысы» павилионы (1954) (бұнда 1966 жылдан «Космос» павилионы ашылды), «Мүйізді ірі қара мал» (1954), «Атом энергиясы» (1954), «Оқу-ағарту», «Денсаулық сақтау» (1954), «Радио-электроника» (1958), «Советтік мәдениет» (1964), «Геология» (1964), «Халық тұтыну бұйымдары» (1967), «Химия өндірісі» (1967), «КСРО-ны электрлендіру» (1967), «Металлургия» (1967). «Ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру» (1967) павилиондары болды.

Бүкілодақтық халық шаруашылық жетістіктері көрмесінде халықаралық көрмелер де өткізіледі. Бұл үлкен көрмені жыл сайын 8 млн-дай адам, оның ішінде 200 мың шетел адамдары көреді. Көрме Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Ауыл шаруашылық өндірісі мен ғылым жетістктері көрмесі облыста, ауданда, шаруашылықтың өзінде де өткізіледі. Көрменің бұл түрлерінің белгілі бір аймақтағы озат әдіс, өнім алу, ғылымның жаңа жетістіктерін насихаттауда үлкен маңызы болды.

Облыстық (өлкелік) көрмелер оқтын-оқтын ұйымдастырылады. Олар ауыл шаруашылығының маңызды ұйымдастыру-шаруашылық мәселелері мен жеке салаларына арналады. Онда ғалымдар мен өндіріс озаттары лекция оқиды, озат тәжірибе жетістіктері туралы көпшілікке кітап және т.б. плакат шығарылады.

Аудандық көрмелер ұйымдастыру шаруашылық жылының қорытындысын шығару және Бүкілодақтық ауыл шаруашылық қызметкерлерінің мәйрамын тойлау кезінде дәстүрге айналды. Мұндай көрмелер осы жылы ең ірі табысқа жеткен ұжымшарлар мен кеңшарлардың, жеке озаттардың тәжірибе, жетістіктерімен таныстырады. Кейбір ауданда көрмеге тұрақты алаң белгіленіп, қажетті құрылыстар салынады. Көрме кезінде ауданды өнерпаздар байқауы өткізіледі, озат шаруашылықтар мен кәсіпорындарда экскурсия ұйымдастырылады.

Ірі ұжымшарлар мен кеңшарларда белгілі бір оқиғаларға байланысты (мерейтой, мемлекеттік марапат берілгенде, семинар өткізерде және т.б.) ішкі көрмелер өткізіледі.[3]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Банк терминдері мен ұғымдарының қазақша-орысша сөздігі. / Ғ. Сейіткасымов, Б. Бейсенғалиев, Ж. Бекболатұлы — Алматы: Экономика, 2006. ISBN 9965-783-20-9
  2. Дәстүрлі емес кітап көрмелері (қазақша).
  3. “Қазақ Совет Энциклопедиясы”, VІ том