Орман көктекесі
Орман көктеке
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Орман көктеке ( Sitta europaea ) - торғайдан кішірек, шағын денелі (15-18 г) құс. Жоны - түтін түстес сұр, бауыры - ақщыл. Дене бітімі көктекеге тән: құйрығы қысқа және тұмсығы түзу, үшкір. Дене бітімі - мығым, дембелше. Өте ширақ: ағаштардың діңдері және бұтақтарымен басын жоғары және төмен қаратып, секіріп қозғалады. Толқындата, жылдам ұшады. Айғай-шиқылшыл. Шақыру айғайы - қарқылдаған тәрізді құбылта қайталанатын ысқырық. Аталықтың көктемгі әуені осы дыбыстардың едәуір бөлігін қамтиды. Жазда - бунақденелілермен, қыста жемістермен қоректенеді. Азық көп болғанда оны қорға жинап, кейде таба алмай қалады (мұндайда тұқым жаңа орында өнеді). Еуропа және Азияның орманды зонасында кең таралған. Қазақстанда Алтай және Сауырдың ормандарында ұялайды. Ертісті бойлай өскен қарағайлы тоғайда да ұялауы мүмкін. Қысқы жылыстау барысында Солтүстік Қазақстанның кейбір жерлерінде және әсіресе Батыс Қазақстандағы Жайық өзенінің аңғарын бойлай пайда болады. Ұялары ағаш қуысында орналасады, оның үстіне, егер кіретін ауыз тесігі үлкен болса, онда көктеке кіретін ауыздың диаметрін 25-35 мм етіп қалдырады да, тесікті балшықпен сылайды. Қолдан жасалған ұялағышқа да солай жасайды. Ұяның өзі ағащ қуысына борпылдақ төсеніш төселген орын болып саналады. Ұяны аналық салады. Салындыдағы 5-10 қызғылттау секпілді ақ түсті жұмыртқаларды аналық басады. Балапандар 2 аптада жұмыртқаны жарып шығады, ал 21-24 күнде ұяны тастап кетеді. Балапандарды аталық пен аналық ұяда қоректендіреді және ата-енелері оларды ұзақ уақыт ұядан ұшып кеткен соң да қамқорлыққа алады. Ұялас балапандар біртіндеп шымшықтардың және басқа бунақденеқоректі құстардың тобына қосылып, солармен бірге қыс бойы орман аралап жылыстайды
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Құстар (Мектеп энциклопедиясы) - Алматы 2010