Орнитология
Орнитология (грек. ornіtos – құс және logos – ғылым) – зоологияның құстар, олардың жүйеленімі, жекеше және тарихи дамуы, физиологиясы, экологиясы, жер бетіне таралуын зерттейтін саласы. Орнитология терминін алғаш рет ғылымға XVI ғасырда италия ғалымы У.Альдрованди енгізді.
Қазақстан құс фаунасы жөніндегі алғашқы мәліметтер (XIX ғасырдың басы) орыс ғалымдарының (П.С. Паллас, Н.Я. Озерецковский, С.П. Крашенинников, т.б.) еңбектерінде айтылған. Олар құстардың ғылымға белгісіз түрлерін ашып, сипаттама берді. Кейіннен құс түрлерінің қазақ даласына таралуы жөнінде жаңа заңдылықтар ашты (А.Н. Северцов, М.А. Богданов, П.П. Сушкин, М.А. Мензбир, т.б.). XX ғасырдың 70 – 80 ж. жалпы Қазақстан аумағында, әсіресе, аз зерттелген Тянь-Шань, Алтай тауларын, Бетпақдала өңірі мен Маңғыстау, Бозащы шөлейтті аймақтарын мекендейтін құстарға орнитология зерттеулер толықтай жүргізілді. Құстардың қоныс аударуы (республика әуе жолымен ұшып өтетін жолдары, саны, оның маусым, тәулік ішінде өзгеруі, құсқа сақина салу нәтижелері), олардың қоректенуі, көбеюі, қазіргі кездегі құс популяциясының жағдайы, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерінің экологиясы зерттеліп, құнды ғылыми мәліметтер алынды. Құстар жүйеленімі мен морфологиясына арналған зерттеулер одан әрі жалғасуда; су құстарын пайдалану, жәндікқоректі пайдалы құстарды өзен бойындағы және таудағы ормандарға қоныстандыру, құстың ауыл шаруашылғы дақылдарына тигізетін зиянын азайту жолдары іздестірілуде; антропогендік факторлар әрекетінің өсуіне байланысты далалық, шөл-шөлейтті аймақтардың, тау экожүйелеріндегі құс фаунастик. кешендердің қалыптасу заңдылықтарын анықтау, Арал теңізінің тартылып қалған жерлеріндегі орнитофаунаның қалыптасуына бақылау жүргізілуде. Құстар әр түрлі қауіпті жұқпалы аурулардың қоздырғышын (энцефалиттер, арбовирустар, гельминттер, т.б.) денесінде сақтаушы және тасымалдаушы, соған байланысты адам мен мал арасына паразиттер мен түрлі ауру таратуға құстың қандай қатысы бар екені анықталды.
Орнитология – зоологияның жақсы зерттелген саласы. Орнитологияның негізінде зоолагия жүйеленім, генетика, эмбриология, экология, т.б. көптеген ғылым салалары бойынша маңызды құнды қорытындылар жасалды. Мысалы, Жер шарының құрлықтарға бөлінуін географ ғалымдар құстардың таралуы мен қоныс аударуын есепке ала отырып жасаған. Қазір дүние жүзінде Неміс орнитология қауымдастығы, Британия, Америка құс зерттеу орталықтары, Мумбай (Үндістан) орнитол. қоғамы, т.б. халықар. ұйымдар ғылыми жұмыстар атқаруда. Қазақстанда құстың 493 түрі анықталып, оның 390 түрі жаз айларында ұя салып, көбейетіні белгілі болды. 56 түрі қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілді. 1960 – 74 ж. 5 томдық “Қазақстан құстары” деген ғылыми жинақ жарық көрді (Қазақстан Мемлекеттік, сыйлық лауреаты, 1974). Орнитология саласының дамуына үлес қосып жүрген ғалымдар: И.А. Долгушин, А.Ф. Ковшарь, Э.И. Гаврилов, Е.М. Әуезов, А.Ж. Жатқанбаев, т.б. Республикадағы Орнитология саласындағы зерттеулерді Қазақстан Ғылым Академиясының Зоология институты, Долгушиннің орнитология мектебі үйлестіріп отырады.[1]
Құстардың жыл сайын маусымына байланысты ұшуын «құстардың қоныс аударуы» деп атайды. Жыл құстарының барлығы дерлік қыстап шығуы үшін күзге қарай салқын аймақтардан жылы елдерге ұзақ мерзімге ұшып кетеді. Олар тұрғылықты жерге жеткенше жол бойы қонып, қоректеніп тынығады да ілгері қарай ұшады. Жыл құстарының кейбіреулері, мысалы біздің аймақта кездесетін мысықторғай, сұр қарлығаш, бұлбұл жаздың аяғында ұя салған мекенінде ауа-райының жылы, қоректерінің жеткіліктілігіне қарамастан қыстауға ерте ұшып кетеді.
Сақиналау әдісі құстардың және хайуанаттың дүркін-дүркін бір аймақтан екінші аймаққа ауысып отыру-миграция қағидасына және олардың өмірсүргіштік ұзақтығы жөніндегі сұрақтарға жауап береді. Сақиналау арқылы кәдімгі шағала-32, күміс түстілер-36, қараторғай -15 жылға дейін өмір сүретіні анықталған. Шақпақ асуында және Алакөл көлінде Испания және Үндістанда сақиналанған торғайлар ұсталғаны мәлім. Құстарды сақиналау нәтижесінде мысықторғайлар Индия мен тропикалық Африкада, сұр қарлығаштар Африка мен Мадагаскарда, тырналар Оңтүстік Азияда, шақшақайлар – Африкада қыстайтынын анықтаған. Ерте ұшып кететін құстардың жабық торда ұсталатындары (зообақтарда) күзде өте мазасыздана бастайтыны тәжірибе жүзінде анықталған. Бұл құстар тұрған орны жылы, жемі жеткілікті болуына қарамастан күндіз–түні тордың қабырғаларына соғылып, мүлдем ұйықтамайды. Олар бірнеше аптадан кейін тынышталып, қалыпты тіршілік етеді. Тордағы құстардың мінез – қылығы мен табиғаттағы еркін жүрген сондай құстарды салыстырғанда, бұл мезгілдің құс қайтатын кезеңге сәйкес келетіні анықталған. Құстардың қайту себептерін ғалымдар ежелден қалыптасқан тіршілік ету жағдайының маусымдық алмасуы деп ұйғарады. Көктемде құстардың туған жеріне қайтуға ұмтылуы көбею инстинктігіне байланысты, ал күзгі қайтуы дағдылы қоректің азайғандығынан, күннің қысқаруынан болады. Сонымен құстардың қайтуы – одан бірнеше миллион жыл бұрын басталып, маусымдық алмасудың әсерінен болған құстардың инстинкт әрекетінің бірі.[2]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VII том
- ↑ Определение пола и возраста воробьиных птиц фауны КСРО. Справочник. М., "Наука", 1976. 189 с.Н.В.Виноградова, В.Р.Дольник, В.Д.Ефремов, В.А.Паевский.
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |