Полифония
Полифония (гр. polіphonіa — көп дауыстылық) — орта ғасырдан (10 — 11 ғасырлар) бастау алатын еуропа мәдениетіне тән көпдауысты жүйе. Музыкалық термин ретінде бірдей, тең көпдауыстылықты білдіреді. Оның ерекшелігі — бір-бірімен байланысты бола тұра, әр дауыс өзінің даралығымен айқындалады. Музыка тарихында қатаң және еркін стиль деп аталатын Полифонияның екі түрі белгілі. Қатаң стильдегі Полифониялық шығарманың әуені баяу. Онда негізінен бревис, бүтін, жарты, төрттік нота ұзақтықтары қолданылады. Сегіздік, он алтылық ұзақтықтар мүлде кездеспейді. Муз. әуені баяу, бірқалыпты дамиды. Көлемді мелод. секірістер болмайды.
Еркін Полифониялық стиль 17 ғ. И. Йоганн Себастиан Бах, Г. Гендель шығармаларынан кең орын алды, кейін А. Моцарт жалғастырды. Олар әуенді жандандыра түсетін кез келген нота ұзақтықтарын пайдаланды. Еркін стильдегі Полифонияның имитац., қарама-қарсы және қосалқы дауысты деген бірнеше түрі бар. Имитация (қайталау) Полифонияда бір дауыстағы әуен келесі дауыстарда сәл кешігіп қайталанады. Қайталау кейде дәл, көп дауысты жүйеде белгілі бір интервалдық аралықта жүзеге асады. Қарама-қарсы Полифонияда әр дауыстың өз ырғағы, өз тақырыбы болады. Соған қарамастан олар бір мезгілде естілгенде бір-бірін толықтырып тұрады. Оның үлгілері қарапайым және күрделі (вертикальды-қозғалмалы, горизонтальды-қозғалмалы, қосалқы-қозғалмалы) контропункт (үйлесімді нүктелер). Қосалқы дауысты Полифония деп негізгі муз. әуен мен оны көркемдеп отыратын, өзіндік даралығы жоқ қосалқы дауыстары бар шығарманы айтады. Әуен бір дауыста жүрсе, қосалқы дауыстар 2 — 3, кейде одан да көп болуы мүмкін. Бірақ олардың ырғақ жүйесі көбіне негізгі әуенге бағынышты. Полифония — классикалық музыка өнеріне тән стиль. Оған инвенция, фуга, т.б. шығармалар жатады.[1][2]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VII том
- ↑ Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8
- ↑ Биекенов К., Садырова М. Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігі. — Алматы: Сөздік-Словарь, 2007. — 344 бет. ISBN 9965-822-10-7
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|