Роберт Вильгельм Бунзен
Роберт Вильгельм Бунзен (1811-1899) - алман химигі.
- бірнеше неміс университеттерінің оқытушысы;
- 1852 ж. – Гейдельбергте химия кафедрасының меңгерушісі;
- 1859 ж. неміс ғалымы Г. Кирхгоффпен бірге спектрлік анализді ашты;
- спектрдің құрылымы мен спектр алынған зат арасында байланысты анықтады;
- 1857 ж. – Р. Бунзенмен бірлесе құрастырған жанарғы жалынында әртүрлі заттардың платинадан жасалған сымның ұшында жалын түсін өзгертуін зерттеді.
Роберт Вильгельм Бунзеннің өмірі ешқандай қиындықсыз, бірқалыпты өткен еді. Бунзен еш уақытта кедейлік пен тапшылық көрмеді, ал байлыққа тіпті де қызықпады. Оны атақ та, өнер де қызықтырмады. Ол өз ғылымынан басқа еш нәрсеге көңіл аудармады.
Ол Шееле немесе Дэви тәрізді өздігінен оқыған ғалым емес еді. Бунзеннің ата-анасы өз ұлдарына жақсы білім беруге тырысып бақты, сондықтан оны бала кезінен қоршаған айналасы тек қана ғылымға итермелеген еді.
Балалық шағы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Неміс қаласы Геттинген бүкіл әлемге өзінің университетімен әйгілі еді. Теңіз жағасындағы қалалар теңіз, курортты қалалар – дем алушылар есебінен өмір сүрсе, бұл қала ғылыммен күн көрген қала болатын. Роберт Бунзеннің әкесі Геттинген университетінің профессоры болған. Уақыт өте келе құрметті профессордың талантты ұлы да ғалым болатыны айдай анық еді. 1828 жылы 17 жасар Роберт гимназияны тамамдап, университетке түседі. Үш жылдан кейін ғылым докторы атағын алады. Кейін Еуропаны саяхаттау үшін сапарға аттанады. Бір жарым жылдай Бунзен қаладан-қалаға, елден-елге қиындықтарға қарамастан жол жүреді. Ол металлургиялық, химиялық, қант және т.б. көптеген зауыттарды аралайды. Көмір кеніштеріне түсіп, қарлы тауларға да шығады. Германия, Франция, Швейцария және Австрияның атақты химиктерімен танысады.
Ғылыми еңбектері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Туған Геттингенге оралғаннан кейін, жас ғалым көп ойланбастан профессорлық жолға түседі: ол университетке приват-доцент (яғни профессордың көмекшісі) ретінде орналасып, химиядан сабақ бере бастайды.
Бұл 1834 жылы болған еді. Сол кезден бастап оның барлық өмірі бір ғана тәртіппен өте бастады, бұл – лекция, зертхана, тағы да лекция, тағы да зертхана. Жиырма бес жасында оның күндері елу жасындағыдай, ал елу жасындағы күндері жетпіс жасындағы күндерінен айнымайтын еді. Таңертең ерте ол өз жұмыстарын жазып, есептеп, нәтижелерін тексеруден бастайтын. Содан кейін лекция оқуға жиналатын. Ол жерден шығып, түске дейін зертханада жұмыс істейді. Түстен кейін таныстарының бірімен серуенге шығатын да, қайтадан зертханаға оралатын. Алайда кейде Бунзенді үйреншікті қалпынан шығаратын да жағдайлар болып тұратын. Бұл ауыр дерт емес еді, өйткені Бунзен қартайған шағына дейін сырқаттанбаған. Бұл махаббат уайымы да емес еді, өйткені ол ешкімге ғашық болып көрмеген. Бұл отбасылық қиындықтар да емес еді, өйткені ол бойдақ болған, тіпті саяси жағдайлар да емес еді, өйткені ол саясаттан алыс, қоғамдық өмірден де тым қашық болатын. Әрбір ержүрек химиктің жұмысында міндетті түрде кездесетін жарылыстар мен уланулар Бунзеннің өмірін дүрліктіретін бір ғана жағдайлар еді.
Алғаш рет Бунзен «какодил» күрделі химиялық затымен жұмыстары арқылы атақты ғалым атанды. Осы алғашқы сынақтары кезіндегі жарылыста ол көзінен айырылып, улы заттар буларымен уланған еді. Бунзен химиялық анализдің керемет шебері болған. Ол әртүрлі заттар құрамын тез және дәлірек анықтаудың көптеген тың, әрі ыңғайлы тәсілдерін ойлап табудан жалықпады. Осыған байланысты оған әлемнің барлық түкпірінен жас химиктер мен студенттер келіп, оның өнеріне үйренуге асық болатын. Алайда оның ғылыми жұмысы тек қане анализ жүргізумен аяқталмады. Ол көптеген ірі жаңалықтар ашып, құндылығы олардан кем түспейтін аспаптар ойлап тапқан болатын.