Строккур

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Строккур Гейзері

Исландиягейзерлер өлкесі. Олардың ең үлкені аралдың оңтүстік-батысында орналасқан.

Строккур

Строккур әрбір 5—10 минут сайын тып-тыныш, беті бумен жабылған бассейннен бұрқылдаған қазанға айналады. Кенеттен қайнаған су бағаны аспанға қарай, биікке атқылай бастайды. Строккур тәулік бойы тұрақты үзілістерден соң қайдағы бір жер астындағы құдіретті басқарушының бұйрығын орындағандай аспанға 22 м-лік қайнаған су бағаны атқылап тұрады.

Бірнеше секундтан соң бұрқақ ысылдап барып тартылады, ал оның айналасындағы бассейн суы тыныштанады. Бұл мезетте Строккур үстіне бу тұрған, мөлдір сулы, беті тегіс көлшікке айналады. Жақындап келе жатқан атқылаудың бірінші белгісі — су бетіндегі діріл. Толқу күшейе бастап, қандай да бір мезетте көлшік үстінде ыстық мөлдір судан құралған күмбез қалыптасады. Сонан соң күмбез тарс жарылып, Строккур өз өнерін қайталайды. Оның атауының исланд тілінен аударғанда "көпіргіш" екені бекер емес.

Строккур Рейкьявиктен шығыска қарай шамамен 80 км жерде, Хвитау өзені жағасындағы Исландияның геотермальды аймағында орналасқан. Бұл ауданда ыстық сулы, көпірген лайлы, бумен жабылған су қоймаларының тұтастай жүйесі бар. Мұнда кезінде Исландияның осы аудандағы ең қуатты гейзері болған "Stori Geysir" немесе "Үлкен бұрқақ" орналасқан. Қалған гейзерлер мұндай атауға одан кейін ие болған — исландша "geysir" сөзі "бұрқақтау" деген мағынаны білдіреді.

Бүкіл дүние жүзіне белгілі бұл ыстық бұлақтан су ақылға сыймайтын 70 м-лік биіктікке дейін атқылаған. 1810 жылы ол әрбір жарты сағаттан кейін белсенділік танытқанымен, тек бес жыл өткеннен кейін атқылаулардың арасындағы үзілістер алты сағатқа дейін өскен. 1916 жылы гейзер тыныштанады. 1935 жылы суының бір бөлігі сорылып алынған соң, ол ескі кестесіне сай әрбір жарты сағат сайын атқылай бастады.

Бүгіндері гейзер үнсіз қалған және оның белгілі асқақтығы жөнінде ешкім де еске алмайды. Кейде мамандар оның ұтымды өнерін туристерге көрсету үшін айдынды өте мол сұйық сабынмен толтырады. Бұл гейзерді будың шығуына мүмкіндік бермейтін қақпақ тәрізді жауып, судың тығыздығын арттырады. Сабынды ерітіндінің белгілі бір бөлігі кеткен соң қысым төмендеп, гейзер атқылай бастайды.

Исландия гейзерлер үшін өзі орналасқан Орта Атлантикалық қырат алдында міндетті. Бұл екі орасан зор тектоникалық тақтатастардың бір-бірінен ажырайтын жері. Осылайша жер қабығында ол аркылы жердің шыңырауынан балқыған магма көтерілетін жарықшақ сызығы пайда болады. Магма өз кезегінде грунттық суларды ысытып, олар сыртқа қарай гейзерлер түрінде шығады. XX ғасыр басталысымен исландықтар жер асты жылу қорларын тиімді пайдалана бастады. Бұл қуат көзі өнеркәсіпті жылумен қамтамасыз ету үшін және ауыл шаруашылығында, сондай-ақ үйлерді жылыту үшін де қолданылады.

Хверагерди қаласы қуаттың табиғи көздерін табысты пайдаланудың үлгісі болып табылады. Қала Солтүстік полюс шеңберінен бар-жоғы 250 км жерде тұр, ал оның геотермальды сулармен жылытылған жылыжайларында тропиктік бөлме өсімдіктері, жемістер мен көкөністер, мысалға, банан мен қияр өте жақсы өседі. Сондықтан да қала "ыстық бұлақтардағы бақша" деп аталады.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазіргі дүние географиясы: Хрестоматия. Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 11-сыныбына арналған оқу құралы. / Қ. Ахметов, Т. Увалиев, Г. Түсіпбекова. —Алматы: "Мектеп" баспасы, 2007. ISBN 9965-36-216-5
Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Strokkur