Сұр қаз
Сұр қаз (лат. Anser anser) - едәуір ұзын мойынды, басы кішкене және аяғының ұзындығы қалыпты, ірі денелі сұр реңді қаз.
Биологиялық сипаттама
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Салмағы—2,5-4,4кг, кейде 6 кило шамасында. Ол реңі бойынша үй қазына ұқсас. Үй қазы қолтұқымдарының көпшілігі осы түрден бастама алған. Денесінің үстіңгі жағы жонына қарай - сұрғылт қоңыр, белі - күлгін сұр, құйрықүсті - ақ. Сұрғылт қоңыр қапталында ашық түсті көлденеңжолақтар болады, төсінде және бауырының алдыңғы жағында қара теңбілдері бар. Тұмсығы - сарғыш, тұмсық ұшы - ақ, аяғы - ашық қызыл. Дауысы - ерекше қаңқыл. Құрлықта көп уақыт жұмсап, жеңіл қозғалады, оның үстіне жақсы жүзеді және сүңги алады.
Өзі жиі қоректенетін жайылма шалғыннан қашық емес қиын қопаларда ұя салады. Қандай да болса көтеріңкі жерде орналасқан салындыға аналығы 3-9 күлгін немесе жасылдау реңкті ақшыл жұмыртқа туып, айға жуық жұмыртқаларды басады. Балапандарды аталық және аналық қаздар өргізеді. Балапандар екі ай шамасында қанатына көтеріледі. Бұл мезгілде аталық пен аналық кезектесіп түлейді де, осы кезеңде ұша алмайды. Тұқымтоп жаңадан ұша бастағанда олар қоректену үшін егістік пен шалғыннан ұдайы ұшып, соңынан тынығу және суат үшін суға оралады. Топқа оңай жиналады. Жылыстау кезінде мың-мыңдап жинақталады да, қорек бар болса (егістікте қалған дән), дәл сол суқоймаларда ұзақ болады. Әуесқой аңшылар аулайтын аңшылық кәсіпке пайдаланылады.
Таралуы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қазақстанда қамыс және қоға қалың өскен барлық жарамды суқоймаларда қоныстанады. Қазақстанда ақпанның соңынан қараша айы бойынша болады.
Қолданылған әдебиет
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Мектеп энциклопедиясы. Алматы: Атамұра, 2010