Теогония (дастан)

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

«Теогония» (гр. Θεογονία, «құдайлардың шығуы») — Гесиодтың дастаны.


«Теогония» еңбегі жазылған уақыты бойынша Гесиодтың ең алғашқы еңбегі, ол – «әлемнің жаратылуы, әлемді жаратушы құдайлар мен көзсіз ерліктер жасап, артында өшпестей із қалдырған батырлар туралы барлық гректік түсініктерді жинақтауға тырысқан «құдайлардың шежіресі» іспетті туынды.[1] Алғашында Гесиод жазып, жарық көрген, бірақ бізге жеткенше қосымша мәліметтер мен өзгерістер енгізіліп, толықтырылып отырды.

Шығармада құдайлар жайында толық баяндалған. Филологтар «Теогония» поэмасында жалпы саны 270-ке жуық өлеңдер бар деп есептейді. «Теогонияның» кіріспесі (1-116 беттер) музаларға арналған үндеулер жазылған үш тараудан тұрады. Ортаңғы бөлімінде (117-964 беттер) – әлемнің хаостан жаралғаны жөнінде айтылады (Гесиод үшін хаос тұңғиықты білдіреді). Ежелгі тәңірлерге Хаос, Жер және Эрос жатады. Ең алдымен хаостан бір мезгілде стихия және басқа да жаратылыстар – Гея (Жер), Уран (Аспан), Тартар (Жерасты әлемі), сонымен бірге даму мен көбеюдің қозғалыс күші Эрос; Уран мен Гея одағынан көптеген титандар және Крон мен Рея; Жерден аспан, таулар, теңіздер және басқа да табиғат құбылыстары пайда болды. Содан соң Уранмен арадағы одағынан он екі Титанға, үш Киклопқа (кей мәліметтерде Циклоп деп беріледі), тау сияқты зор, жүз қолды үш алыптар – гекатонхейрларға жан беріледі. Уранның билігі біразға дейін жалғасты. Ол өз балаларының бәрін Жердің терең түнегіне қамап тастады. Бұған олардың анасы Жер қатты азаптанып, өз балаларын Уранға (әкесіне) қарсы шығуға үгіттегенімен, ешқайсысы әкелеріне қарсы бас көтере алмайды. Дегенмен баласы Крон мен оның әйелі Рея екеуі оны тақтан түсіреді. Тек Крон ғана айлакерлігімен, өз әкесіне қарсы шыға алды. Сол уақытта әйел құдай Түн Кронды жазалау мақсатында сұмдық құдайлар тобын: ажал құдайы – Танатты, араздық пен ұрыс-керіс құдайы – Эриданы, алдау құдайы – Апатаны, құрту, жою құдайы – Керді, ауыр түс көргізетін ұйқы құдайы – Гипносты, жасаған қылмысы үшін ешқашан кешірім бермейтін зұлым құдай – Немесиданы т.б. жаратты. Олар жер бетіне көптеген бақытсыздықтар мен қайғы-қасіретті, алдап-арбауды, жамандықтарды алып келді. Ұрпақтар арасында қанды шайқастар жиі болып отырды, бұл Крон мен Зевс арасында да қайталанды. Әкесіне қатыгездік жасап, билігін тартып алған Крон өз балаларым да маған сатқындық жасайды деп қорқып, дүниеге келген балаларын жұтып қойып отырды. Бес баласынан бірдей айрылған Рея қатты қапаланып, соңғы алтыншы баласы Зевс дүниеге келгенде, қулық ойлап Кронға баланың орнына жаялық ішіне сопақша тас салып апарады. Бұған мән бермеген Крон бала деп ойлап, әдеттегідей жұта салады. Аман қалған Зевсты анасы Рея өз әкесі Уран (Аспан) мен шешесі Геяның (Жер) кеңесі бойынша Крит аралына апарып, онда Зевсты хор қыздары Адрастея мен Идея екеуі құдіретті ешкі Амалфеяның сүтімен асырап өсіреді. Ал кішкентай Зевс мазасызданып жыласа, оның даусын әкесі Крон естіп қалмас үшін куреттер (баланы қорғап, желеп-жебеуші жартылай құдайлар, абыздар) қолындағы қалқандарын семсермен ұрып, даңғырлатып отырды. Зевс өсіп, ержеткенде өз әкесі Кронды жұтып қойған балаларын құсып шығаруға мәжбүр етеді. Сөйтіп, Зевстың апалары құрбандық оты мен үйдегі қазан-ошақ құдайы – Гестия, егіншілік пен молшылықтың құдайы – Деметра, неке мен жанұя бақытының құдайы – Гера; ағалары – теңіз құдайы – Посейдон, қара түнек жер асты, өлім патшалығының құдайы – Аид бостандыққа шығады. Билік үшін өз әкесін тақтан тайдырған Зевс барлық титандарды биліктен айырып, өз ағаларымен бірге бүкіл әлемге үстемдік орнатты. Зевстың билігі дана, әділ болды. Нәтижесінде құдайлар мен адамдардың әкесіне, патшалардың патшасына айналды.[2] Орыс зерттеушісі В.Н.Ярхо Гесиодтың «Теогония» еңбегін жазуы тегін емес, ол туған жері Беотияның көптеген мифтермен байланыстылығында деп түсіндіреді.[3] Мифке сүйенетін болсақ, Беотия қаласының астанасы – Фивы қаласының негізін аты аңызға айналған Кадм салған. Ол мұнда финикия жазуын алып келіп, соның негізінде грек алфавиті қалыптасқан. Кадм құдай болмаса да, құдайлар оған қатігез соғыс құдайы Арес пен махаббат құдайы Афродитаның қызы Гармонияны әйелдікке береді. Олардың одағынан үш қыз туады. Үлкені – Семела; ол Зевстен Дионис атты ұлды дүниеге әкеледі. Екіншісі – Агава, оның қатты ашудан өзін-өзі ұстай алмай туған баласы Пенфейді талап тастауымен аты шыққан; үшіншісі – Автоноя, Автоноядан Актеон атты ұл дүниеге келеді, ол Зевспен тайталасқаны үшін құдайдың құдіретімен бұғыға айналып, өз иттері талап тастайды. Фивы қаласының әрбір тасы аңыздан өрілген. Қаланы тұрғызуға Зевстың ұлдары Амфион мен Зет те атсалысқан; Амфион Зевстың немересі Ниоба сұлуға үйленеді. Бірақ Ниоба өз тәкаппарлығынан қатты азап шегеді. Астамсып, ешкімді менсінбей менменсіген, өркөкірек Ниобаны Аполлон мен Артемида жазалап, оның көздің жауын алғандай сұлу, өрімдей ұл-қыздарын бірінен соң бірін садақпен атып өлтіреді. Фивыда Лабдакидтер әулетінің үш ұрпағының трагедиясы өтеді: Лай патша, оның ұлы Эдип пен немерелері Этеокл мен Полиниктің өлімі «Фивыға қарсы жетеу» әңгімесінде айтылады. Ортаңғы бөлімінде (117-964 беттер) – әлемнің хаостан жаралғаны жөнінде айтылады (Гесиод үшін хаос тұңғиықты білдіреді).[4] Құдайлар грек жеріндегі биік тау – Олимпті мекен етті. Олар құрамында мәңгілік күш-қайрат сыйлайтын, қартайтпайтын қасиеті бар амброзиямен қоректенді және тек нектар ішті. Биік тау басында олар сән-салтанат құрып, билік жүргізіп отырды. Зевс адамдарға көптеген сыйлықтар беріп, заңдар шығарып, жер бетіндегі тыныштық пен тәртіптің болуын қадағалап отырды. Үнемі Зевстың жанында ол ерекше құрметтейтін тәртіп пен заңның бұзылмауын, сот әділдігін бақылап отыратын ақиқатты жақтаушы әйел құдай – Дикэ мен заңдарды бақылап, сақтап отыратын әйел құдай – Фемида тұрады. Олармен қоса, Зевстың тағдырын да шешетін әйел құдайлар – мойралар да осы Олимп тауын мекен етті. Мойралар – аяушылық дегенді білмейтін, тағдырдың қатыгез құдайлары. Олар ағайынды үш құдай: Клото, Лахесис, Атропос. Клото – адам өмірінің ұзақтығын тоқып отырды. Тоқығанда ол адам баласына жаны ашып, үзіліп кетпесін, ол ұзақ өмір сүрсін деген ниетпен тоқыған жоқ. Сондықтан оның тоқымасының жібі қашан үзілсе, сол уақытта адам баласы өмірімен қоштасты. Ал Лахесис болса, әр адамның маңдайына жазылған жеребені көз салмастан суырып алып, беріп отырды. Құмыра ішіне салынған жеребенің сыртындағы «бақытты», «бақытсыз», «баянды», «баянсыз» деп адам тағдыры жазылған жеребені беру барысында Лахесис ешкімге ықылас білдіріп, жанашырлық танытқан жоқ. Еш көз салмастан қатігездікпен алып беріп отырды. Ал ол берген жеребені ешкім өзгерте алмады. Атропос болса өзінің апа-сіңлілері айтқан қатал тағдырын ұзақ тізімге енгізіп отырды. Ал тағдыр тізіміне енген дүние орындалмай қалмайды. Біздің халқымыз айтатын «пешенесіне жазылған тағдыр», «маңдайына жазылған» деген сөздер де осы ұғымға келіп саяды*. Зевс – аспан мен жердің құдайы, «бұлт шағылыстырып, найзағай ойнатқыш» шексіз еркіндікке ие жалғыз құдай болса, Аполлон – білім мен жарықтың, ғылым мен өнерге табынушылардың құдайы; Асклепий – дәрігер; Артемида – аңшылық; Афина – қалаларды сақтаушы, ақыл мен еңбек; Гермес – саяхат пен сауда, өнертапқыштар; Арес – соғыс; Афродита – сұлулық пен махаббат; Эрот – махаббат; Гефест – от; Дионис – шарап; Пан – табиғат; Танат – өлім; Персефона – өсімдік құдайы болды. Гректер өз құдайларына көптеген құрбандықтар шалып, түрлі мерекелер ұйымдастырып отырған*. Олардың Олимп тауының етегінде құдайлардың құрметіне төрт жылда бір рет өткізіп отырған спорттық жарыстары кейін барлық елге үлгі болып, ол халық арасында олимпиада деп аталды. «Теогония» шығармасында қарапайым өмірге қажетті ақыл-кеңестер, адам өмірін басқаратын құдайлар жайлы, олардың өз араларындағы қақтығыстар мен сан қырлы, қызықты оқиғалар жайлы толыққанды мәлімет беріледі деп айтсақ қателеспейміз.[5] Көне дәуірлерден бізге жеткен ежелгі грек мифтері терең мағынасымен, көркемдік құдіретінің айрықшалығымен адамзатты таңқалдыруын қоймайтын шын мәніндегі асыл мұралар екендігін таныған белгілі жазушы Төлен Әбдіков көптеген грек мифтерін қазақ тіліне тәржімалап, оқырмандарға түсінікті қарапайым тілмен баяндап жазған еңбегі «Эллада ерлері» деген атпен 1977 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген. Осы айтылғандарға қоса, Гесиод адамзаттың тегін ғасырлардың ауысып отыруына байланысты төрт кезеңге бөледі. Біріншісі – алтын кезең, екіншісі – күміс кезең, үшіншісі – мыс дәуірі және қазіргі адамзат өмір сүріп отырған дәуірді темір дәуірі деп атайды. Ал шығарманың соңғы бөлімі миф деуге келмейді, мұнда болмыс шындығына көп орын беріліп, ақын ішіндегі мұң-шер кеңінен суреттеледі. Өз дәуіріндегі адам баласының басындағы бақытсыздықтар мен қасіреттер суреттелген. Ақын ата-анасын, ағайын-жұртын сыйламайтын балалар пайда болды, алдыңғы орынға шындықты айту арқылы емес, күш көрсету арқылы келген ұрпақ көбейді деп жырлайды.[6]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. История античной литературы. Тронский И.М. Москва. Высшая школа. 1983
  2. Н.А.Кун. Ежелгі Грекия мифтері мен аңыздары. Мұғалімдерге арналған оқу құралы. Қазақ тіліне аударғандар: М.Машақов, Ж.Рсаев, Л.Сенғазина, Н.Тұрсунқұлова. Алматы, Мектеп, 1979
  3. Гесиод. Полное собрание текстов. Теогония. Труды и дни. Щит Геракла. Фрагменты. М., Лабиринт, 2001.//В.Н.Ярхо. Гесиод и его поэмы.
  4. Тоқшылықова Г.Б. Антика әдебиетінің тарихы. Алматы, 2011.
  5. Тронский И.М. История античной литературы. Москва, Высшая школа, 1983
  6. Античная литература. Анпеткова-Шарова Г.Г., Чекалова Е.И. Ленинград, 1981