Қотыр (ауру)

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Қотыр, шұбыртпа – жұқпалы тері ауруы.


Қотырды шұбыртпа кенесі қоздырады. Сау адамға ауру адамнан, сондай-ақ, оның киімінен, төсегінен, сүлгісінен, т.б. жұғады. Шұбыртпа кенесінің аталығының ұзындығы 0,18 – 0,27 милиметр ені 0,15 – 0,2 милиметр, аналығының ұзындығы 0,4 милиметр, ені 0,25 – 0,3 милиметр. Аналығын ұрықтандырғаннан кейін, аталығы өліп қалады. Кене аналығы тері қабатына еніп, шұбыртпа жолдарын жасап, оған 50-ге дейін жұмыртқа салады; 3 – 7 күннен кейін одан қуыршақтар пайда болады, бірнеше аптада кенелер жетіледі. Кене теріге енгеннен кейін, 7 – 14 күнде ауру белгілері байқалады. Қотыр терінің жұқа жерлеріне: саусақ аралықтарына, аяқ-қолдың буындарына, адамның іші мен санына, кеуденің шет жағына түседі. Беті сулы ұсақ қызғылт бөрткендер немесе қызарған қабығы бар қос түйіншектер пайда болады. Оның аралығында жіңішке, сұрғылт түсті, ирелеңдеген (ұзындығы 1 – 2 мм) шұбыртпа жолы көрінеді. Қотыр түскен жер, әсіресе, түнге қарай қатты қышиды. Қасынған жағдайда әр түрлі инфекциялар қосылып, терінің іріңді аурулары қозады. Емі: Қотырмен ауырған адамды оқшаулайды, науқас жеке сүлгі қолданып, сау адамнан бөлек ұйықтауы, тиісті дәрі-дәрмекті қабылдауы қажет. Емделіп болғаннан кейін ауырған адам мұқият жуынып, оның пайдаланған төсек орнына, киіміне, ауру жатқан бөлмеге залалсыздандыру жұмысы жүргізіледі.

Қотырға барлық малдар, үй құстары да ұшырайды. Қотыр алғашқыда малдың жүні сирек жерлеріне түседі, асқынған кезде бүкіл денесіне жайылады. Емі: Қотыр малды газды камерада емдеп, дәрі қосылған астауға тоғытады. Газ камерасында жылқыны, түйені емдейді; креолин, гексохлоран араластырылған астауда қойды тоғытады.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ энциклопедиясы
Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Scabies