Әбілқайыр хан (Кіші жүз)
Әбілқайыр хан | ||
Лауазымы | ||
---|---|---|
| ||
1708 — 1709 | ||
| ||
1710 — 1748 | ||
Ізбасары | Нұралы хан | |
| ||
1719 — 1730/1731 | ||
Өмірбаяны | ||
Діні | ислам | |
Дүниеге келуі | 1680 жылға дейін | |
Қайтыс болуы | 1748 жылдың 15 тамызы | |
Жерленді | Хан моласы (қазіргі Ақтөбе облысы) | |
Әкесі | Айтақ Қажы сұлтан | |
Жұбайы | Бопай ханым Баян ханым | |
Балалары | ұлдары: Нұралы хан, Ералы хан, Жармұхамбет хан, Қожа Ахмет, Айшуақ хан, Әділ сұлтан, Шыңғыс сұлтан қыздары: Қарашаш ханым, Намұрын ханым, Зүлейха ханым, Жәннәт ханым | |
өңдеу |
Әбілқайыр хан (толық есімі Әбілқайыр-Мұхаммед Баһадүр Қазы хан, жазба деректерде Абалгаир, Абдулхаир, Абуэр-хайли, Балгаир, Оболгаир, Abul-Geir, Abulkair, 1680 жылға дейін — 1748 жылдың 15 тамызы) — Кіші жүздің сұлтаны, 1710 жылдан бастап Кіші жүздің, ал 1719 жылдан кейін қазақтың бас ханы (үлкен хан). XVII ғасырдың аяғында Сауран қаласын билеген Қажы сұлтанның ортаншы ұлы, Өсек сұлтан әулетінің өкілі.
Өмірбаяны
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Жастық шағы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ел аузында сақталған аңыздарға қарағанда, ата-анасы мен үлкен ағасынан ерте айырылып, жас кезінде мұқтаждық көрген. Еділ қалмақтарымен орын алған қақтығыс кезінде тұтқынға түсіп, XVII ғасырдың 90-шы жылдары мен XVIII ғасырдың бас кезінде қалмақ ханы Аюкеге қызмет еткен. XVIII ғасырдың алғашқы онжылдығында өзін батыл жауынгер әрі талантты қолбасшы ретінде танытты. 1707 жылдың желтоқсанында тархан Алдар Исекеев бастаған башқұрт көтерілісшілермен бірге ресей әскеріне қарсы соғысқан. Юрактау тауының мағындағы 10 күнге созылған шайқас көтерілісшілердің жеңісімен аяқталды. 1709 жылы Алдар Исекеевтің шақыруымен Шығыс Башқұртстанға қайта оралып, башқұрт ханы атанды. Жоңғар әскерінің Сырдың бойына басып кіруіне байланысты қазақ даласына оралуға мәжбүр болды. Башқұрт тағын иеленуі, ойрат тайпаларына қарсы жүргізген сәтті әскери қимылдары Әбілқайырдың Орта және Кіші жүздердегі беделін арттырды.
Кіші жүздің ханы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]1702-1723 жылдары аралығында қол астындағы қазақтардың еділ қалмақтарының қоныстарына, жайық казактарының станицаларына шабуылдарын басқарған. 1715 жылы казак станицасы Новошешминскті өрттеп жіберді. 1717, 1719, 1720, 1720 жылдары қалмақтарға және Қазан уезіндегі елді-мекендерге жаңа шабуылдар ұйымастырған. 1718, 1719, 1720 жылдары Әбілқайыр ханның батырлары Жайық казак қалашығын үш рет қоршауға алған. XVIII ғасырдың екінші онжылдығында Қазан және Сібір губернияларындағы жергілікті билеуші топтармен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. 1718 жылдың аяғына дейін Қайып ханның саяси одақтасы болған. Қайыптың өлімінен кейін үлкен хан лауазымына ие болып, 1719-1724 жылдары ордасын Түркістан қаласында орналастырды. Оған қоса 1721 жылы Ташкент қаласын билеген. 1721 жылы казактар мен қалмақтардың атаман Балмашнов басқарған тобы Ойыл өзеніне дейін шабуыл жасап, көп тұтқындармен мал айдап кеткен. 1722 жылы қаңтар айында 300 қол қазақ сарбаздары қарымта қайтару үшін казак-орыстардың Шаған жанындағы қысқы станицасына шабуыл жасап, 70 қазақ орысты айдап әкетеді. Ақпан айында қазақ-орыстардың Жайық қалашығы жанындағы жылқы табынын айдап кетіп, оларды түгелдей жаяу қалдырады.
Жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ әскерлерінің бас қолбасшысы болып сайланып, өзін білікті басшы ретінді көрсете білген. Соның арқасында халық арасында зор беделге ие болған. 1729/30 жылы ұлы хан Болат хан қайтыс болғаннан кейін Тәуке ханның ұлы, жоңғарларға қарсы күресте танылған Сәмеке ханмен және Болат ханның ұлы Әбілмәмбет ханмен қатар таққа басты үміткерлердің бірі болған. Алайда, Әбілқайыр ханның беделінен сескенген билер, Болат ханның жігерсіз ұлы Әбілмәмбетке қолдау көрсетеді. Үш жүздің батырлары Әбілқайырды ұлы хан етіп сайлағанымен, билерден қолдау таппағандықтан ол бұл атақтан бас тартқан.
1710 жылы Қарақұмдағы халық жиынында жас Әбілқайыр Кіші жүз әскерінің қолбасшысы және хан болып сайланды, ал түмен басы болып атақты кіші жүз батыры қарт Бөгенбай батыр (Қанжығалы Бөгенбай емес) тағайындалды.
18 ғасыр қазақ халқы үшін ел басына күн туған кезең болды, жоңғарлар тарапынан болатын шабуылдар халықты көп күйзеліске ұшыратты. Әбілқайыр бұл сұрапыл соғыста жанкештілік танытты. Ол бабаларының иелігінде болған Сайрам, Түркістан және Ташкент қалаларын қорғау жолында ерен ерлігімен көзге түсті. Бұл қалалар жоңғарлардың қоршауында қалған кезде, тең емес ұрыста анасы мен әйелі тұтқынға түскен соң, Әбілқайыр хан шегінуге мәжбүр болды. 1718 жылы Аякөзде Әбілқайыр мен Қайып 30 мыңдық әскері жоңғарлармен қанды шайқас жүргізді. Бірақ осы шайқаста Әбілхайыр мен Қайыптың алауыздығы кесірінен қазақ қолы жеңіліске ұшырайды.
Ол 1723 жылға дейін Түркістан қаласында тұрып, одан жоңғар басқыншылары қуып шыққан соң, Бұқар мен Хиуа хандықтарының шекарасындағы өзіне қарайтын тайпалардың арасына кетеді.
Әбілқайыр жастайынан батылдығымен танылып, дарынды әскербасы және білгір қолбасшы болды. 1726 жылы үш жүздің қазақтары бас қосқан құрылтайда билер мен батырлар бірауыздан Әбілқайырды Қазақ хандығы әскерінің бас қолбасшысы етіп сайлады. Ал, Әбілқайырдың хандық дәрежеге қалай жеткендігін 1736 жылы оның Ордасына келген ағылшын суретшісі Джон Кэстль былайша түйіндейді:Ол зор тұлғалы, сымбатты, аппақ жүзі қызыл шырайлы, түсі сондай жылы кісі, сонымен қатар зор денсаулық пен қайрат-күш иесі, садақ тартуға келгенде шынымен-ақ бүкіл ұлтта оған тең келетін кісі жоқ. Хан болмай тұрып, ол сұлтан ғана болатын, оның барлық балалары да осы лауазымды алып жүр. Жоңғар қалмақтарымен болған соғыста олардың басшысы қонтайшыны өз қолымен тұтқынға алғаннан кейін… Кіші орда оны хан сайлады.
Әскербасы Әбілқайыр халық жасақтарында қыруар істер атқарды, соғысу қабілетін жоғары деңгейге көтерді және қарулы күштерде адамгершілік рух пен патриотизмді марапаттап отырды. 1728 жылы қазақ әскері жеңіске қол жеткізді. Бұл шайқастар Ұлытау тауларында, Қарасиыр жері мен Бұланты өзенінің бойында болды, мұнда қазақтар қонтайшының ұлы басқаратын экспедициялық корпусты талқандады. Бұл жеңістен кейін халық көкейінде жеңіске қол жеткізуге болады деген сенім ұялады. Басқыншыларға қарсы халық жұмыла көтерілді.
Алайда бұл жеңілістен кейін де жау әлі күшті күйінде қалды. Жағдайға қанық Әбілқайыр жаңа шабуыл бастады. 1730 жылы көктемде Балқаштың оңтүстік шығысындағы Итішпес елді мекенінде Әбілқайыр бастаған қазақ әскері жауларды тағы талқандады. Жоңғарларға қарсы жүз жылдық соғыста қазақ халқы өзгерісті кезеңге аяқ басты, жеңіске бір табан жақындағандай болды.
Алайда дәл осы кезеңде Болат хан қаза табады. Сондықтан да басқа ханды тағайындау төңірегінде сауал туындайды. Тәуке ханның кезінде билікке ие болған билер таққа лайықты Әбілқайыр хан мен Сәмеке хандардың біреуін сайласа биліктен айырылып қаламыз деп сескеніп, Болат ханның жас ұлы Әбілмәмбет ханды сайлайды. Болат хан өлгеннен кейін «қазақтың бас ханы болу жолы менікі» деп сеніммен жүрген қазақ әскерлерінің басты тіректері Әбілқайыр хан мен Сәмеке хан әскерлерін ертіп, өз ордаларына кетіп қалады. Осыдан соң біріктірілген қазақ халқының жасақтары ыдырай бастады да, Жоңғар әскерінің 1 бөлігі аман қалады. Жоңғарлардың әлі де болса қауіп төндіріп тұрғанына көзі жеткен Әбілқайыр хан өзіне одақтас іздей бастайды. Сөйтіп, ол Ресей империясына елші жіберіп, одақтас болуды ұсынады. Оның көздегені орыстардың қолдауымен қазақ жүздерінін басын қосып, сыртқы жаулары Еділ қалмақтары, башқұрттар және жоңғарларға қарсы тұру болды. Бірақ, Ресей оның бұл ұсынысын қабылдамай, тек протектораттыққа келісетінін жеткізеді. Әбілқайыр хан бұған келімін беруге мәжбүр болады. 1731 жылы күзде Тевкелев бастаған орыс елшілері Әбілқайыр және Кіші жүз бен Орта жүздің бір бөлігінің старшындарынан ант қабылдайды. Ресейдің құйтырқы саясатын кеш сезген Әбілқайыр оларға қарсы бірнеше рет қарсы шығады. Бірақ, бұл әрекеттері нәтиже бермегендіктен қайтара бодандық антын береді(1738, 1742, 1748).
Қазақтарды әлсіретіп, бүкіл Орта Азияға жол ашар қақпаның кілтін тезірек қолға түсіру жөнінде патшасынан нұсқау алған орыстың далалық әкімдері бұл оқшалануды өз мүдделеріне пайдаланып қалуға жанталаса кіріседі. Бұл ретте отарлаудың ежелден сыналған тәсілі – «жабайыны жабайының қолымен құртуды» іске қосады. Сөйтіп олар өздерінің бодандары Еділ қалмақтарын да, башқұрттарды да, сондай-ақ Жайық казактарын да айдап салып, Кіші жүз қазақтарының тынышын кетіре бастайды. Соның аяғы Әбілқайырдың 1730 жылы өзін Ресей империясының қол астына алуына сұрап, Петербургке елшісін жіберуіне әкеп соғады. Онда ол өзінің Ресей империясына башқұрттар секілді қызмет етіп, солар сияқты алым төлейтінін айта келіп, өздеріне Ресейдің өзге бодандары тарапынан ешқандай қиянат және шабуыл болмауын талап етеді, патша тарапынан тыйым салынбаса, башқұрттардың өздігінен шабуыл жасауды тоқтатпайтынын айтады. Сондай-ақ Ресей бодандары қолдарындағы қазақ тұтқындарын қайтарса, қазақтар да өз тарапынан олардың тұтқындарын кері қайтаратынын білдіреді. Бірақ бұл бодандық Әбілқайыр ойлағандай нәтиже бермейді. Содан кейін ол Жоңғар хандығының қоңтайшысы Қалдан Серенге адам салады. Іздегенге сұраған ол да мұны құп алады. Ол жоңғар тұтқынынан босатылған Абылай арқылы жіберген жарлығында Әбілқайырдың тілегін орындағанын толық көрсетеді. Арадағы достық қатынастар сенімді болу үшін Әбілқайырдың өз баласына мың қазақты ертіп, Жоңғарияға жіберуін, осыған жауап ретінде өз баласын мың ойратпен қазақтарға жіберетінін айтады. Дегенмен, Әбілқайырдың Қалдан Серенмен құда болып, оған арқа сүйеп, ойдағымды жүзеге асырам ба деген үміті де ақталмай қалады. 1745 жылдың қыркүйегінде Қалдан Серен қайтыс болады.
Өлімі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]1748 жылы Орынбордан шағын жасағымен қайтып келе жатқан жолда қарсыластарының бірі Барақ сұлтанның құрған қақпанына ұрынып қалады. Барақ сұлтан жоңғар шапқыншылығы кезінде зор беделге ие болған тұлға. Әбілқайырдың Ресейдің қолдауы арқылы күшейіп кетуінен сескеніп, оған қарсы шыққан. Әбілқайырдың 50 шақты адамымен келе жатқанын естіген ол, мүмкіндікті пайдаланып қалуды ойлап, тұзақ құрады. Осы шайқаста қарсыластарының күші басым екенін көріп тұрған ханның күзетшілері оған қашуды ұсынады. Бірақ, Әбілқайыр хан бұдан бас тартып, осы шайқаста қаза табады.
Әбілқайырдың моласы Қабырға өзенінің Өлкейекке құятын тұсында, Торғай қаласынан 80 шақырым жерде. Кейін бұл жер «Хан моласы» аталды.
Ұрпақтары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Әдебиет
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Ерофеева И.В. Эпистолярное наследие казахской правящей элиты 1675-1821 гг. Сборник исторических документов в 2-х томах/Автор проекта, введения, биографий ханов, научных комментариев; составитель и ответственный редактор И.В.Ерофеева. Алматы: АО «АБДИ Компани», 2014. - 696 с. + вкл. 44 с. — ISBN 978-9965-832-26-0.
|