Алашорда үкіметінің батыс бөлімшесі

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Алашорда үкіметінің батыс бөлімшесі (9.1918—12.1919) — Батыс Қазақстанның айтарлықтай бөлігін басқару үшін құрылған Алаш автономиясы үкіметінің (Алашорданың) бөлімшесі.[1]

Алашорданың Батыс бөлімшесін кұру туралы шешімге Ә. Бөкейханов 1918 ж. 11 қыркүйекте қол қойды. Бұл шешімді Ә. Бөкейханов Уфа қаласында өткен және У. Танашев, X. Досмұхамедов, Ж. Досмұхамедов, А. Бірімжанов, Ә. Ермеков және М. Тынышбаев қатынасқан мәжілістің келісімі бойынша жасады.

Алашорданың Батыс бөлімшесінің төрағасы болып Жанша Досмұхамедов тағайындалды.

Алашорданың Батыс бөлімшесі құрылуына байланысты Ойыл уәлаятының үкіметі таратылып, оған осы кезге дейін бағынып келген Батыс Қазақстанның қазақтар мекендеген жерлері аталған бөлімшенің қарамағына берілді.

Азаматтық соғыс кезінде

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Батыс Алашорданың әскери бөлімдерінің қатарында екі мынға дейін жауынгер болғанына қарамастан, азамат соғысында олар большевиктер құрған Қызыл Армия бөлімдеріне карсы соғыс операцияларына белсенді түрде қатыстырылмады. Мұндай жағдай олардың нашар қарулануы мен жеткілікті дайындығы болмағандығына ғана байланысты емес еді. Жауынгер жігіттер қазақ халқын көптеген жылдар бойы қан қақсатып, езіп-жаншып келген казачество жағында соғысып, қан төккісі келмеді. Сондықтан Алашорданың Батыс бөлімшесі орналасқан Жымпитыға қазақ жасақтарын Қызыл Армияға қарсы майданға аттандыру жөнінде бұйрық келгенде, онда орналасқан қазақ милициясы қатарындағы жігіттер қолдарына қару алып, өкіметке қарсы шыкты. Олар түрмеде отырғандарды босатып, өздері ауылдарына тарап кетті. Жымпитыда болған оқиғадан кейін Орал казачествосының Алашордаға көзқарасы айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Орал казак әскерлерінің атаманы В. Толстов батыс Алашорданың әскери бөлімінің бастығы полковник Ерыкалинцевті батыс Алашордаға карайтын аумақтың әскери әкімшілік басқармасының бастығы етіп тағайындады. Басқаша сөзбен айтқанда, генерал В. Толстов батыс Алашордаға қарайтын аймақтағы күштік (әскери) құрылымдарды Алашорданың қарауынан алып, өзіне тікелей бағындырды.

Азамат соғысындағы күштердің ара салмағы шешуші түрде Қызыл Армия жағына ауысқан жағдайда, 1919 ж. желтоқсанда, Алашорданың Батыс бөлімшесі Кеңес өкіметі алдында бас июге мәжбүр болды

Алашорданың төрағасы Әлихан Бөкейханов қол қойған осы құжаттың негізгі баптары мыналар болды:

  • «1) Алашорда Алаш автономиясы аумағындағы бірден-бір басқару органы болып табылады...
  • 2) Жергілікті басқару...
  • 3) Алашорданың комиссарлары арқылы жүзеге асырылады...
  • 4) Облыстық, уездік комиссарларды Алашорда тағайындайды...
  • 5) Құрамына Бөкей Ордасы, Ойыл өңрі, Закаспий облысының Маңғыстау уезі, Торғай облысының Ақтөбе және Ырғыз уездері кіретін Алаш автономиясының батыс бөлімшесін басқару үшін...
  • 6) Алашорданын Батыс бөлімшесі кұрылды.
  • 7) Алашорданың осы бөлімшесі автономиянын көрсетілген бөлігін Алашордадан түсетін маңызды және принципті нұсқаулар негізінде басқарады...
  • 8) Төтенше жағдайлар болғанда және Алашордамен байланыстар үзілгенде бөлімше Алашорданың құқықтарына ие болады».

Сыртқы сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • К.Нұпейісов Алаш һәм Алашорда. — А., 1995;
  • Алаш-Орда. Сборник документов. — А„ 1992.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Атырау: Энциклопедия. -Алматы: Атамұра, 2000 ISBN 5-7667-9129-1