Байрақ
Байрақ (орыс. знамя, ағылш. banner) - ағаш сапқа, аттың басына, қару-жараққа, тағы басқа заттарға тағылатын арнайы айыру белгі.[1]
Байрақ аңның (барыстың, қабыланның) құйрығынан, түсті матадан, жібек шашақтан, жылқының құйрығынан жасалып, найзаның не арнайы сырықтың басына бекітілген мата. Сабының жоғарғы ұшында қасиетті рәмізді бейнелейтін металдан жасалған байрақбасы болады. Сарматтарда, ғұндарда Байрақ басында айдаһардың, көне түркілерде бөрінің басы бейнеленген. Ал ислам діні енген соң, Байрақ басына Құран аяттары жазылып, ай орнатылған. Байраққа әскербасының дәрежесіне сәйкес бір не екі белгі тағылады, кейде одан да көбірек болуы мүмкін. Әскербасы бар жерде Байрақ қосынның әскери туымен бірге көтеріледі. Айқас кезінде әскербасы Байрақпен белгілер беріп, жауынгерлерді басқарып отырған. Әскербасылық дәрежеге ие болған адамға Байрақпен қоса өзге де әскери белгілер — дабыл, ту тапсырылған. Дәрежесі биік әскербасылардың Байрағын көтеріп жүретін байрақдарлар тағайындалған. Мұндай қасиетті белгіні алып жүру, жоғалтпау тек сенімді батырларға ғана міндеттелген. Шығыс бейнелеу өнері ескерткіштерінде әскербасының жанында Байрақ көтеріп тұрған байрақдарларды жиі көруге болады. Байраққа қарап әскербасының дәрежесімен қатар, қай қосынды басқаратынын білу де қиын болмаған.[2]
Қолданылуы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Бұл арнайы рәміздік белгінің түркі тілдеріндегі «байрақ»-«мунджук» («мунчук», «бунчук») атауларында оның қолданылу ерекшелігі - байлануы, аттың мойынына тағылу әдісі көрініс тапқан. Типологиялық тұрғыдан алғанда байрақ құдайлық, патшалық және әскербасылық билік атрибуты, дәреже және лауазым белгісі, әскери рәміз және тұрмыстық жағдайда қолданылатын арнайы айыру белгі сияқты бірнеше түрлерге бөлінеді[3].
Арнайы айыру белгі ретінде байрақ көшпелі халықтарда б.з. дейінгі І-мыңжылдықта қолданыла бастады. Байрақ жібектен немесе аттың, қодастың қүйрығының қылынан жасалған шашақ, қабыланның (барыстың) құйрығы және түсті матадан тігілген бау түрінде жасалып, ағаш сапқа немесе найзаның басына жеке немесе қосарланып тағылды. Белгінің қосарлануы байрақ дәрежесінің жоғарылығын білдірді. Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің үлкен қазандық бөлмесінде кезінде осындай қос белгі - шашақ және мата бау тағылған тоғыз қазақ байрағы сақтаулы болатын. Қыл, жібек шашақ, мата бау түріндегі байрақтар тудың дәрежесінің жоғарылығын білдіретін белгілер ретінде әскери тудың басына да тағылып, тудың бір құрамдас элементі ретінде де қолданылды. Байрақ элементтерінің саны кейде өте көп те болуы мүмкін. Мысалы, жазба деректерде Шыңғыс ханның тоғыз құйрықты байрағы айтылады. Айыру белгісі болғандықтан байрақта шашақ пен мата баудың түсі де маңызды болды, көзге бірден көріну үшін әдетге байрақта шаңқай қызыл, ақ, қара жасыл, көк, сары түсте пайдаланылды[4].
Әскери билік, лауазым, дәреже белгісі болған байрақтардың бастары киелі символдармен, бейнелермен әшекейленді. Археологиялық материалдарда табылған сақ, скифтердің әскери көсемдерінің байрақтарының бастарында тотемдік жануарлар мүсіндері, ғұн-сармат байрақтарында айдаһар бастары бейнеленсе, түркілердің байрақтарында олардың бастарының бейнелері де сақталды. Түркі халықтарының әскери ұйымдарында ағаш сапқа, немесе найза басына тағылған байрақ әдетте әскер қосындарындағы ондық, жүздік бөліктерінің әскери белгісі болды. Осы әскери бірліктерді басқаруға әскербасылық қызметке тағайындалған батырларға, әскербасыларға лауазым белгісі, әскери билік белгісі ретінде байрақ тапсырылған. Шайқаста әскерді басқару барысында әскербасы байрақты түрліше қозғау - сілтеу, айналдыру, бұлғау арқылы әскерге түрлі дыбыссыз сигналдар беру үшін де пайдаланды[5].
Қазақтарда жауынгерлік байрақ арнайы әскери рәміз ретінде XIX ғ.-дың аяғына дейін қолданылып келді. Фольклорлық деректер қазақтың кейбір руларының байрақтарының бастарында түркілерге тән бөрінің басы да бейнеленгенін куәләйді. Мысалы, халық ақындарының туындыларында Ұлы жүз ішіндегі Шапырашты руының «бөрілі байрағы» айтылады. Рулық байрақтар рудың айыру белгісі ғана емес, ру мүшелерінің бірлігінің, тұтастығының да символы болды. Әскербасы болып,байрақ иеленген қазақ батырларының ұрпақтарында олардың байрақтарының жұрнақтары киелі мүлік ретінде бүгін де сақтаулы. Байрақ көшпелі түркі-моңғол халықтарында тумен бірге, хандық биліктің, мемлекеттік биліктің белгілерінің де бірі болды. Хан жүрген жерде ресми рәміз ретінде оның алдында ханның дәрежелік атрибуттарын - байрақтары мен туларын алып жүрген. Әдетте салтанатты рәсімдерде, шеруде, жорықта мемлекеттік, хандық, әскербасылық билік белгілері болған байрақтарды ұстап жүруге арнайы адам - «байрақшы» («байрақдар») тағайындалған[6].
Көшпелі түркі-моңғол халықтарының көне және орта ғасырлық өнер ескерткіштерінде байрақ құдайлардың, тәңірлердің атрибуттары ретінде де бейнеленеді. Киелі атрибут ретінде байрақ олардың патшалық және эскери билігін белгіледі. Хандық немесе әскербасылық статусқа ие болған адам байрақты дәреже белгісі ретінде өзінің атының мойынына, қаруына, киіміне де таққан. Даму барысында әскери билік, әскери лауазымның айыру белгісі кейін тек киімде, әскери униформада ғана көрсетілуіне байланысты, XIX ғасырдан бастап ағаш сапқа тағылған жауынгерлік байрақ әскери қолданыстан шығып кетті. Байрақтың ғұрыптық және шаруашылық мақсатта қолданылғандығының мысалы ретінде қазақтардың түрлі тойларда өткізілетін бәйгенің мәрелерін, әртүрлі мақсаттарда иелікке бөлінген жерлердің межелерін байрақпен белгілеуін атауға болады. Қазақ тілінде «байрақты батыр», «байрақты жер» сөз тіркестері бүгінде де «ерекше белгі иеленген адам», «ерекше белгіленген жер» деген ұғымды бейнелейді.
Мемлекет басшысының жоғары лауазымдық белгілерінің бірі ретінде де байрақтар бар. Мысалы, Қазақстан Республикасы Президентінің байрағы.[7]
Тағы қараңыз
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Айбын. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. - 880 бет.ISBN 9965-893-73-Х
- ↑ Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. - Алматы: DPS, 2011. - ISBN 978-601-7026-17-2
- ↑ Валиханов Ч. Ч. Вооружение киргиз в древние времена и их военные доспехи // Собрание сочинений. В 5-ти томах. Т.4. Алма-Ата: Издательство АН КазССР, 1961
- ↑ Ақсауыт. Екітомдық. Алматы: Жазушы, 1977
- ↑ Львова Э.А., Октябрьская И.В., Сагалаев A.M., Усманова Н.С. Традиционные мировоззрение тюрков Южной Сибири. Пространство и время. Вещный мир. Новосибирск: Наука, 1988
- ↑ Горелик М.В. Оружие древнего Востока (IV тысячелетие - IV в. до н.э.) M.: Наука, 1993
- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, II том;
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |