Жыр
Жыр (көне түркі тілінде - иыр)
- 1) кең мағынада, поэзиялық шығармалардың жалпы атауы. Көне түркі тіліндегі "иыр" сөзі де қазіргі "поэзия" терминінің мағынасында қолданылған. Бұл атау дәл осы мағынада қазіргі қарақалпақ, қырғыз, ноғай, қарашай, балқар, башқұрт, татар, тағы басқа түркі тілдерінде әлі күнге дейін қолданылады;
- 2) тар мағынада - қазақ халық поэзиясындағы 7 - 8 буынды өлең өлшемі, поэзиялық шығарма жанры. Қазақ ауыз әдебиетіндегі батырлар жыры, тарихи жырлар, лиро-эпостық жырлар, жоқтаулар, жыраулар поэзиясы, толғаулар, термелер, тағы басқа түгелдерлік поэзияның осы өлшемдегі үлгісіне құрылған. Поэзиядағы бұл жанрды жазба әдебиет өкілдері де (Абай, С.Торайғыров, тағы басқа) орнымен пайдаланған. Буын санының бірқалыпқа түсіп тұрақтануы - Жыр жанры дамуының соңғы кезеңдерінде пайда болған құбылыс. Ежелғі замандардағы Жыр өлшеміне аралас буын тән болған. Мұндай өлшем қазақ халкының толғауларында, ногай халқының йырларында, башкұрт халқының қобайырларында, қырғыз халқының санатында сақталған. Тармақтарындағы буын саны 7-ден 15-ке дейін жетеді. Аралас буынды үлгілер батырлар жырында да кездеседі.
Поэзияның басқа өлшемдеріндегі өлең жолдары тұтаса келіп, шумақ құраса, Жыр тармақтары тирада түрінде шоғырланады. Тарихи генетикалық тұрғыдан тирада үлгісі шумақтан бұрын қалыптасқан. Демек Жыр өрнегі озге өлшемдерге қарағанда әлдеқайда ерте туған. Жырдағы тирада үлгісіндегі тармақ пен ұйқас мөлшері және олардың арақатынасы қатаң сақталмай, жиі өзгеріп, құбылып тұрады. Дәл осы қарапайым ерекшелікке көпке дейін ғылымының мән берілмегендіктен, Жырда басқа өлшемдегідей егіз, кезектес, шалыс ұйқас түрлері болады деп есептелініп келді, олардың жалпы саны 10-ға дейін жеткізілді. Мұндағы басты қателік тирада ішіндегі ырғақтық үзілістерді шумаққа теңгеруден туған еді. Кейінгі арнайы зерттеулер Жырдың тармағы мен ұйқасы тирада пішініне ғана тән заңдылықтарға негізделіп түзілетінін айқын дәлелдеп берді. Жырдың ұйқасы дара ұйқас (монорифма) және аралас ұйқас (полирифма) болып бөлінеді. Аралас ұйқас негізгі ұйқас пен қосымша ұйқастардан тұрады.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл.ISBN 9965-26-096-6
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|