Мәрмәр

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Мәрмәр тас

Мәрмәр[1] (көне грекше: μάρμαρος – жылтыр тас) — метаморфтық тау жынысы. Негізінен кальцит пен доломиттен құралады. Мөлшеріне қарай кальциттік Мәрмәр, доломиттік Мәрмәр болып бөлінеді. Басқа минералдармен араласқан түрі қатты кристалданған әктас немесе доломит болып келеді. Аймақтық және жапсарлық метаморфизмдерден әктастар, доломитті әктастар доломиттер сияқты карбонатты, шөгінді жыныстардың қайта кристалдануынан түзіледі. Мәрмәр күрделі қатпарлықтарға жиырылған қабаттар түрінде амфиболит, гнейс, тақтатастар секілді жыныстармен бірге кездеседі. Қоспалары: магнезит, графит, брусит, битумдар, слюда, хлорит, тремолит, тағыда басқа. Мәрмәрдің қаттылығы 3, көлемдік тығыздығы 2,63 — 2,9, түсі ақ, сұр, қара сұр, жасыл, алқызыл, сары, құба болып келеді. Құрылымы анық байқалатын толық кристалды, түйірлерінің ірілігі әр түрлі; текстурасы: біртекті жолақты, теңбіл, шыны жылтырлы, күңгірт, жақсы өңделеді. Осы қасиеттеріне орай Мәрмәр қолданбалы сәндік өнерінде, табиғи құрылыс материалы ретінде және монументті мүсін мен құлпытас жасауда кеңінен қолданылады. Ежелгі грек мүсіндері сары түсті паросс Мәрмәрдан жасалынған. Брусит Мәрмәрі түйіршіктелген магнезия мен металды магний алуда, отқа төзімді заттар және арнайы қағаз шығаруда пайдаланылады. Қоспасыз Мәрмәр электртехникада, ақ Мәрмәр мүсін жасауға, түсті Мәрмәр құрылыста қаптау, безендіру бұйымдары ретінде, баспалдақтар, бағандар жасауға, ескерткіштер тұғырын тұрғызуға қолданылады. Мәрмәр кен орындары Қазақстанда Кіші Қаратауда, Алтайда, Көкшетау массивінде, Алатау бойында, Солтүстік Балқашта кездеседі.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ Энциклопедиясы