Райымжан Мәрсекұлы Мәрсеков

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Райымжан Мәрсекұлы Мәрсеков
Райымжан Мәрсекұлы Мәрсеков

Райымжан Мәрсектің фотосуреті
Лауазымы
Ту
Ту
Алашорда автономиялы үкіметінің басшыларының бірі
13 желтоқсан 1917 — 5 наурыз 1920
Өмірбаяны
Партиясы Алаш
Білімі Омбы техникалық училищесі
Орман шаруашылығы институты (Санкт-Петербург, Москва Заң және Сот институты)
Мамандығы публицист, ғалым, аудармашы, драматург
Діні сүннеттілік ислам
Дүниеге келуі 1877 (1877)
Өскемен уезі, Семей облысы, Дала Өлкесі
Қайтыс болуы белгісіз
Әкесі Мәрсек Марсекұлы
Анасы Танаева Бейілхан Омарқызы

Райымжан Мәрсеков (1877 жылы Семей облысы, Өскемен уезі, Айыртау болысында туған, қайда, қашан қайтыс болғаны толық мәлім емес) — Алаш қозғалысының аса көрнекті қайраткері, Алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, заңгер, публицист, қазақтың мүддесін көздеп, қамын жеген ұлт ойшылы еді.

Әкесі Мәрсектің руы – Найман ішінде Терістаңбалы[1][2], анасының руы – Найманның Қаракерей ішінде Жанай, атақты Тана мырзаның ұлы Омар мырзаның қызы Бейілхан ханым.[3] Ес жиып, ат жалын тартып мінген кезінен баcтап талаптанып, білім іздеген. Өскемендегі уездік орыс-қазақ мектебін бітірген соң, Омбыдағы классикалық гимназияға оқуға түседі. Қазақша, орысша екі тілге бірдей жетік болып, зеректігімен жұрт назарына ілігеді. 1897 жылы гимназияны жаксы нәтижемен бітірген ол жоғары білім алуды армандап, алғаш Қазан университетіне түседі. 1899 жылы Санкт-Петербургтегі Император университетінің заң факультетіне ауысады. Университетті 1902 жылы заңгер мамандығы бойынша бітіріп шығады. Р.Мәрсеков қазақтан шыққан білікті заңгерлердің бірі еді. Әлеуметтік жағдай, заманның талабы Райымжанға тек қана заңгерлікпен шұғылдану жеткілікті болмайтынын ұқтырады. Ол қолына қалам алып, қазақ халқының рухани кұндылыктары, әлеуметтік әл-ауқаты туралы мақалалар жазып, дарынды публицист ретінде танылады.

Сол кездің өзінде 1899-1900 жылдары «Дала уәлаятының газетінде» оның ойлы мақалалары жарық көреді. Райымжан ол кездегі еңбектерінде әйел теңдігі мәселесін көтереді. Қазақ билерінің дау шешу әдістерінің астарын талдайды. Қазақ арасындағы сайлаудың халықты ірітуге бағытталған жиіркенішті сырын ашып көрсетеді. Қазақ халқының тарихы мен әлуметтік өмірін зерттеген еңбектері кезінде ғылыми ортаның қызу қолдауына ие болады. Сөйтіп, 1908 жылы Орыс география қоғамы Батыр Сібір бөлімінің Семей бөлімшесінің мүшесі болып қабылданады.

1902-1908 жылдары Семейдің округтік сотында қызмет атқарды. Ол кезде Семей округтік сотына қазақтардың істері көп келетін. Көбінше дауласқан екі жақтың екеуі де қазақ болып келеді. Мұндай істерде Райымжан әділдік ұстанымын сақтай отырып, ағайын арасының ашылып кетпеуіне септігі тиетін шешім қабылдауға тырысады. 1908 жылдан 1912 жылға дейін Омбының сот палатасында жұмыс істеген. Ол қандай жұмыс істесе де, ұлт тағдырына жанашырлық пейілінен айнымайды. 1912-1917 жылдар аралығында Семейде заңгер, адвокат болып істеген. Бұл қызметтерде ол асқан шешендігімен, парасаттылығымен халқы үшін қызмет етеді.

1912 жылдан кейін ол қоғамға толысқан, кемел ойлы қайраткердің көзімен қарай бастайды. 1912-1916 жылдары «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінде жарық көрген патша үкіметінің отаршылдық саясатының сырын әшкерелеген мақалалары оның жанкешті ерлігін танытады. Ол өз шығармаларында қазақ қоғамы болашақта қалай дамуы қажет деген мәселе жөнінде де толғанады.

Райымжан Алаш қозғалысына құлшына араласып, оның жетекшілерінің біріне айналды. Алаш үкіметіне, қазақ халқына қалтқысыз адал қызмет етті. Саяси күрес барысында өзі де кемеліне келіп толысты. Халқының жоғын жоқтап, мүддесін қорғауды басты мақсатым деп білді. Қазақ халқының рухани жақтан толысуында Алаш зиялыларының орны ерекше. Олар қоғамның қай саласында жүрсе де, халықтың ұлттық өнері мен мәдениетін дамытуды назардан тыс қалдырмады. Солардың бірі Р.Мәрсеков еді. Ол Семейдегі «Сарыарқа» газетін ұйымдастыруға қатысты, біраз уақыт жауапты шығарушысы да болды. Бұл кезде ол Алаштың белсенді де белді қайраткерлерінің біріне айналды. 1915 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған «Қазақ әдебиетінің жайынан» атты мақаласы қазақ әдебиетінің тарихын тану мен дәуірлеу туралы ғылыми ой бастауларының бірі болып қалды.

1917 жылы Семейде қазақ комитеті құрылғанда оның төрағасы болып сайланды. Сонымен бірге уақытша үкіметтің облыстық атқару комитетіне мүше болады. 1917 жылы 27 сәуір мен 7 мамыр аралығында Семей облыстық қазақ съезі өтеді. Осы съезді ұйымдастыруға мұрындық болған және жетекшілік еткен азаматтардың бірі ретінде тарих бетіне жазылды. Сол жылы кұзде Алаш партиясы атынан Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутат болып сайланды.

1918-1919 жылдары Семей облыстық жер басқармасының төрағасы болды. Осындай жауапты, лауазымды қызметтерде жүріп, қазақ қоғамында жаңаша сот қағидасын қалыптастыру, соттар ұйымдастыру, Алаш әскерін жасақтау, жер дауын шешу, елді азық-түлікпен қамту, қазақ жастарын оқыту ісін жүйелі жолға қою сияқты ұлттың көкейтесті мәселелеріне көңіл бөліп, соған пайдасы, себі тиетін қадамдар жасап отырған 1918-1919 жылдары Семейде Алаш әскері жасақталғанда, Р.Мәрсеков тағы да көш басынан табылады. Алашорда атынан А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, С.Аманжоловпен бірге Шәуешек қаласындағы Ресей консулдығы арқылы қызылдарға қарсы күрес жүргізу үшін Қытай үкіметінен қару-жарақ алу туралы келіссөз жүргізуге қатынасқан. Алайда, бұл келіссөздің нәтижелі болмағаны белгілі. Өйткені А.Байтұрсынұлына 500 ат беремін деп ауызша уәде берген Таңғыт үкірдайдың өзін Қытай үкіметі кейін сол жомарттығы үшін өлім жазасына кеседі. Алашорда үкіметі таратылып, Қазақ автономиясы құрылғанда кеңес үкіметі Алаш зиялыларына кеңшілік жасағансиды. Шын мәнінде, ол ұлтын сүйген қайраткерлерге «түзелу» орайын беру еді. Осы орайда оларды қоғамдық жұмысқа да араластырған, солардың қатарында Р.Мәрсеков те үкімет жұмысына тартылады. 1920 жылдан 1922 жылдың маусым айына дейін Семей губерниялық атқару комитетінің ақпарат-нұсқау бөлімінде нұсқаушы-тексеруші болып қызмет атқарады. Шынына келгенде, осы кезден бастап қоғамдық саяси қызметтен шеттетіліп, кеңес үкіметінің жауы ретінде бақылауға, кейін қуғынға ұшырайды. Р.Мәрсеков 1922 жылы Қытайға қашып өтеді. Сол жақтағы жергілікті ел оны құрметпен қарсы алады. Қоғам қайраткері Райымжан Мәрсеков 1937 «Халық жауы» деген атпен ұсталды.

Р.Мәрсековтің Қытайдағы тағдыры туралы дерек аз, сол аз деректердің өзінде қайшылықтар көп кездеседі. Р.Мәрсековтің қашан, қайда қайтыс болғаны толық мәлім емес. Бір деректерде «Құлжа тұрмесінде өлді» делінсе, екінші бір деректерде «Семей түрмесінде өлген» делінеді.[4]

Райымжан Мәрсековтың фотосуреті

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазақ елі егемендік алғалы Алаш арыстарына арнап көптеген зерттеу мақалалар мен кітаптар шығып жатыр. Сондай кітаптардың бірі "Арыс" баспасы басып шығарған Алаштың аса көрнекті қайраткері Райымжан Мәрсекұлының "Қазақ қайда бара жатыр?" Алматы, 2001 деген мақалалар топтамасы. Топтаманың соңғы беттерінде "Өкінішке орай, оның фотобейнесі сақталмағандықтан кітап бетіне бере алмадық", - деп кітап құрастырушылардың бірі (С.Смағұлова) қынжылыс білдіреді.

Енді, Райымжан Мәрсекұлының балаң жас кезіндегі суретін архивтен іздестіріп тауып, сол бейне арқылы топсуреттегі сақа жігіт кезіндегі беймәлім суретін анықтауға мүмкіншілік туды.

Семей қаласы, 1918ж, Солдан оңға қарай: 1-қатарда: 1) Антиков Жанабай, 2) Болғанбаев Жұбандық, 3) Абайұлы Тұрағұл, 4) Бөкейханов Әлихан, 5) Мәрсеков Райымжан, 6)? 2-қатарда: 1) ?, 2) Жәкежанов Мұқан, 3) Жанатаев Көкбай, 4)?
Ә.Бөкейханов және Р.Мәрсеков Алаш қозғалысына көмектескен Семей, Алтай қазақтарының игі-жақсыларымен бірге

Суретте Әлихан Бөкейханұлының Семей қаласына келуіне орай оны қарсы алып, Алаш партиясына материялдық көмек берген Семей, Өскемен, Зайсан уездерінің ауқатты адамдарымен бірге суректе түскен. Осы адамдардың басын қосып, көмек қорын ұйымдастырушы, Өскемен уезінің зиялысы, Райымжан Мәрсековтың өзі екені белгілі. Райымжан Әлихан Бөкейхановтың оң жағында отырған орта бойлы, костюм-шалбар киіп, зиялы азамат. Бұрын ол бейненің Райымжан екендігі белгісіз болып келген, кейін енді оның Р.Мәрсеков екендігі белгілі болды. Себебі: 1) Бозбала Райымжанның сақа жігіт Райымжанның бейнесіне сырттай ұқсатқызып үйлесіп, дәл келіп тұр, бет-әлбеті, шаш-мұрты дегендей. 2) Осы суреттегі бейненің бойы ортадан аласа екендігі көрініп тұр. Райымжанның бойы замандастарының жазуынша аласа бойлы болса керек. Мысалы, Көлбай Төгісов Райымжан туралы жазғанда: "Райымжан бір қарыс бойымен қарсымда тұр еді" немесе "қоянның қалжасынан түңіл, бойын көріп" (Райымжанның сөзінде шындық бар ма? // Көлбай Төгісов, Шығармалары. А., "Алаш" ,2003) - деп жазады.

Документалды фильмдер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • «Тарих. Тағдыр. Тұлға». Райымжан Мәрсеков. «Абырой ісі» ("Хабар", 21 желтоқсан 2019)[5]
  • "Менің атам Райымжан Мәрсеков" ("Kazakh TV", 2013)[6]
  • "Беймәлім Алаш. Райымжан Мәрсеков" ("Qazaqstan", 5 желтоқсан 2019)[7]
  • "ХХ ғасырдың басындағы қазақ ағартушыларының саңлақтар тобы (Адамдар жолы, 2019) "[8]
  • " Алаш-Орда. Олардың берілгілері келмеді. Тарих құпиялары " ("Kazakh TV", 2014)[9]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Х.М.Ғабжалилов Қазақ ру-тайпаларының тарихы. Найман — Алматы: Алаш ТЗО, Полиграфкомбинат, 2008. — Т. 10. — 430 б. — 1000 таралым. — ISBN 9965-765-21-09.
  2. Райымжан Мәрсеков (1879-1937) – Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы (kk-KZ).
  3. http://alash.semeylib.kz/?page_id=373
  4. « Алаш» қозғалысы. Алматы, 2008. ISBN 9965-32-715-7
  5. Тарих. Тағдыр. Тұлға. Райымжан Мәрсеков. Абырой ісі. Хабар TANYM.
  6. Faces of history - " Менің атам Райымжан Мәрсеков ". Қазақстан Тарихы.
  7. Алаш. Райымжан Мәрсеков. Qazaqstan TV / Қазақстан Ұлттық Арнасы.
  8. ХХ ғасырдың басындағы қазақ ағартушыларының саңлақтар тобы (Адамдар жолы, 2019). Дорога людей.
  9. Алаш-Орда. Олардың берілгілері келмеді. Құпиялар. The2mproduction.
  • Дулатбеков, Нұрлан. Алаш ардақтылары : Санкт -Петербург іздері [Мәтін] / Н. Дулатбеков. - Қарағанды : Болашақ -баспа, 2012. - 188 б.
  • Қазыбек Н. Тасада қалған тарландар [Мәтін] : Танымдық мақалалар / Қазыбек Н. - Алматы : Білім, 2003. - 76 б.
  • Қазыбекұлы, Нұрқасым. Ағалардан қалған із [Мәтін] / Н. Қазыбекұлы. - Алматы : Қазығұрт, 2011. – 376 б.
  • Қамзабекұлы, Дихан. Алаштың рухани тұғыры [Мәтін] : ғылыми зерттеу / Д. Қамзабекұлы. - Алматы : Ел шежіре, 2008. - 357 б
  • Қапанов Б. Нәрін, дарын, бәрін берген - туған жер [Мәтін] : очерктер / Б. Қапанов. - Өскемен : Рекламный Дайджест, 2008. - 703 б.
  • Сыдықов, Мүсәйіп Қыдырқанұлы. Терістаңбалы шежіресі [Мәтін] : тоғыз таңбалы найман / М. Қ. Сыдықов. - Павлодар : Сытин, 2013. - 694 б.
  • Өзбекұлы С. Арыстары Алаштың [Мәтін] : Тарихи очерктер / Өзбекұлы С. - Алматы : Жеті жарғы, 1998. - 192 б.
  • Өзбекұлы С. ХVІІ ғасырдың соңы- XX ғасырдың бас кезеңінде Қазақстандағы саяси- құқықтық ой-пікірдің тарихы және қайраткерлері [Мәтін] : Автореферат / Өзбекұлы С. - Алматы : Б.ж., 1997. - 52 б.
  • Әлина Р. Райымжан Мәрсеков – алыстағы жылдардың қасіретті тағдыры: (адвокат) // Дидар.-1999.-10 шілде.-2 б.
  • Мәрсеков Р. // Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 6- том.-Алматы, 2004.-427 б.