Тымақ
Тымақ — ерлердің қысқы бас киімі. Оны аңның, малдың терісінен тігеді. [1] Тымақ биік төбелі, маңдайы, екі құлағы бар, желке, жотаны жауып тұратын артқы етектен тұратын, аңның, малдың терісінен тігілген қысқы баскиім. Суықтан, бораннан қорғайтындай мол пішіледі. Сыртын берік және жақсы, қымбат маталармен тыстайды. Оның іші тері, сырты шағи, пүліш, барқыт, дүрия, тағы басқа матамен тысталады. Тымақтың құлағы мен етегінің төбемен жалғасқан жерін милық деп атайды. Екі құлақтың сырт жағынан бастыра матадан жалпақ екі бау тағылады. Етегін төбеге қайырып қою үшін тымақтың артқы жағына тобылғыдан немесе арша сияқты берік ағаштан тиек жасап қадайды. Оны құрысқақ дейді.
"Ескілік киімі" деген өлеңінде данышпан Абай былай деп суреттеген:
- Күләпара бастырған, пұшпақ тымақ,
- Ішкі бауын өткізген тесік құлақ.
- Тобылғыдан кесіп ап, жіппен қадап,
- Артын белге қыстырған бар құрысқақ.
Қазақ халқында тымақ қасиетті атрибуттардың бірі болып саналған. Шала туған баланы тымаққа салып өсірген. Сондай-ақ, жас нәресте үшін, әдетте айы-күні жетпей дүниеге келген бала үшін тымақтың да алар орны орасан. "Шала туып, тымаққа салып өсірген екен" деген сөз бар. Халықта айы-күні жетпей шала туған баланы тымаққа салып, керегеге іліп қоятын дәстүр бар. Себебі шала туған сәби ия ұстауға, ия бесікке салуға келмейді. Ал тымақ жылы, әрі бөлеуге, ұстауға ыңғайлы. Шала туған баланың неше күні кем болса, сонша күн керегенің әр басына ілініп қойылатындықтан, күн кереге басы арқылы есесптеледі. Мысалы, қырық күні кем болса, керегенің қырқыншы басына ілінген тымақтан баланы алып, жаңа туған балаға жасалатын рәсімді жасайды. Егер бала қыста туса, үй қабырғасына бірнеше шеге қағылып, соған тымақ ілінеді. Бұл да – тымақтың қадірі мен қасиетін бейнелейтін көріністердің бірі деп түсінген.
Түрлері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Тымақтар терісіне қарай бота, сусар, елтірі, түлкі, барыс, бұлғын, жабағы, сеңсең, қарсақ, лақ терісінен тігілген тымақ деп те аталады. Тымақты кедейлер-сеңсеңнен, байлар бағалы терілерден тіккізген. Түлкі пұшпағы, сусар, құндыз терісінен жасалған тымақтар сәнді бағалы саналады. Түлкі тымақты қыста, пұшпақ тымақты жаз, күз маусымдарында киеді.
Вл. Плотниковтың 1859-1862 жылдары жазған қазақ киімдерінің ішінде бөрік пен тымақтың 15 түрлі үлгісі мен атаулары бар. Олар: жаба салма, қайырма, төрт сай, дөңгелек төбе, шошақ төбе, жекей тымақ.
- Жаба салма тымақ - түлкі терісінен, сеңсеңнен тігіледі, құлағы мол, милығы кең, төбесі аласа болады.#
- Дөңгелек төбелі тымақ - төбесі иықсыз, милықты, жатаған келеді.
- Шошақ төбе тымақ - төбесі иықсыз, үшкірлене биік етіп сырылады.
- Жекей тымақ - жаз бен күзде киетін әрі сәнді, сәнді де жеңіл етіп тігілетін елтірі тымақтың түрі.[2]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті.—Алматы:«Алматыкітап» ЖШС, 2006. —384 бет, суретті. Кенжеахметулы С. ISBN 9965-24-751-X
- ↑ Қазақ халқының ұлттық киімдері.- Алматы: Алматыкітап баспасы, 2011. ISBN 978-601-01-0526-3