Урбанизация

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Лос-Анджелес қаласы

Урбандалу (Урбанизация) (лат. urbs - қала, urbanus - қалалық) — еңбек бөлінісінің қоғамдық және аумақтық тұрғыдан тарихи қалыптасуынан пайда болып, әлемнің әртүрлі елдері мен өңірлерінің өзіндік ерек­шеліктеріне сәйкес дамитын әлеуметтік-экономикалық, демографиялық, географиялық секілді көп жақты қырлары бар күрделі құбылыс. Көне латын тіліндегі мағынасы "қалалық" деген ұғымды білдіреді. Яғни, ең қысқаша айтар болсақ, урбанизация, бұл – қала тіршілігі мен тұрмысы және мәдениетінің үстемдікке ие болуы.

Downtown Toronto

"Урбанизация" ұғымын "урбанизациялану" ұғымынан ажыратып қарау керек. Біріншісі процесті білдіреді, екіншісі - процесс барысында қол жеткен көрсеткіш денгейі. Урбанизацияның негізгі көрсеткіші - елдегі қалалық тұрғындардың үлес салмағының арту қарқыны ("урбанизация қарқыны")

Урбандалудың оң және теріс салдары бар. Ол - күрделі әрі қарама-қайшылықты үдеріс. Оның теріс салдарына экологиялық жағдайлардың біршама төмендеуі, автокөлік газдарымен қала ауасының ластануы, жұмысқа орналасу қиындығы, қаладағы шаң, қала шуы, қала құрылысының мәселесі және т.б. жатады.

Урбандалу үрдісінің арқауы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • қала халқының табиғи өсімі;
  • ауылдық елді мекендердің қала статусын алуы;
  • қала маңы аудандарының пайда болуы;
  • ауылдық жерлерден қалаға қарай миграция.[1]

Урбандалу түрлері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Субурбандалу - қалалық агломерациялардың қалыптасуының нәтижесінде ірі қалалардың қала маңындағы аймағының өсу және даму процессі.
  • Контрурбандалу - урбанизацияға кері процесс.
  • Жалған урбандалу - қала халқының санының өсуі. Бірақ жұмыс орындары емес, үйсіз-күйсіздердің артуы.

Қаладағы урбандалу үдерісі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қала халқы үлесінің өсуі - республиканың индустриялық көрсеткішінің жоғары деңгейінің белгісі болып табылады.

Қалаларда өнеркәсіптік өндірістер, транспорттвқ, сауда, мәдени, ғылыми және өзге де нысандар шоғырланады. Көптеген қалалық елді мекендер әкімшілік-аумақтық қызметтерді атқарады. Қала типтес кенттерде бір немесе бірнеше өнеркәсіп орналасады.

Қалалардың қалыптасуы оның индустриялық дамуы, сәулеттік бейнесі мен тұрғындар саны бойынша ажыратылады.

Қазіргі таңда қалаларды жіктеудің бірнеше түрі бар, олардың негізінде екі категория - қаланың ауқымы және қызмет түрлері қалыптасады.

Қазақстандағы урбандалу үдерісі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Халық саны бойынша қалалар жіктелуі

  • кіші (20 мың адамға дейін)
  • орта (50 мың адамға дейін)
  • үлкен (100 мың адамға дейін)
  • аса ірі (500 мың адамға дейін)
  • Миллионер қалалар

Қазір Қазақстанда 87 қала мен 200-ден аса қала типтес елді мекендер бар.

Республикада 3 миллионер қала бар: Алматы (1 854 556 адам), Астана (1 078 362 адам) және Шымкент (1 011 551 адам).

Егер ХХ ғасырдың 20-жылдарында қалаларда халықтың 9%-ы ғана тұратын болса, қазір оның үлесі бүкіл қала халқының 57,8%-ын құрайды. Болжам бойынша жақын арада 60%-ға жетеді. Қала халқы Қарағанды (79,5%) және Павлодар сияқты өндірістік (70,7%) облыстарда басым. Бұл аталған аймақтарда қала халқының басым болуы өнеркәсіптің дамуымен тікелей байланысты.

Урбандалудың қазіргі деңгейіне үлкен қалалардың өсуі, қала агломерацияларының қалыптасуы, мегаполистердің пайда болуы тән. Кейбір ірі өндірістік орталықтар айналасында өндірістік, транспорттық, мәдени және тұрмыстық байланыстарға ие көптеген ұсақ және орта қалалардың шоғырлауын агломерация деп атайды.

Қарағанды мен Теміртау айналасында Саран, Абай, Шахты, Топар, Долинка агломерациялары т.б. қалалар қалыптасқан. Келесі агломерация - Алматы.

Болашақта әлемдік және аймақтық нарықпен бірігу нәтижесінде жаңа қала агломерациялары пайда болады. Әр агломерацияның экономиканың белгілі бір саласына қатысты өзіндік мамандануы және белгілі бір бағыттары бар.

Урбандалу үдерісі қарқынды байқалатын аймақтар қатарына Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстары кіреді.

Бұл үш аймақтың екеуінде хаб қалалар орналасқан: Орталық-шығыс макроаймақтың орталығы - Өскемен, Батыс макроаймақтың орталығы - Ақтөбе.

Жалпы болжам бойынша Қазақстанда 5 хаб қала болмақ: Ақтөбе мен Өскеменнен басқа Солтүстік макроаймақ орталығы - Астана және Оңтүстік макроаймақ хабтары - Алматы мен Шымкент.

Қаржылық орталықтар халқының өсу қарқыны жоспарланғаннан да жоғары екенін айта кету керек. Елдің аумақтық дамуының болжамдық сызбасына сәйкес Алматы халқының саны 2019 жылы қаңтар айында 1 854 556 мың адама жетті. Жалпы Алматы Оңтүстік макроаймақ хабы болғандықтан, Алматы - Тараз - Шымкент бағыттарын байланыстыратын ірі көліктік-логистикалық орталыққа айналды. Астана хаб қаласының дамуы қала агломерациясының қалыптасуымен байланысты. Астана хаб қаласының дамуы қала агломерациясының қалыптасуымен байланысты. Агломерацияны Қарағанды, Көкшетау мен Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту арқылы кеңейту қарастырылған. Елорда халқы бүгінде екі миллион адамға жетуі мүмкін екені болжанып отыр. Осындай болжамдарға сәйкес қала әкімшілігі екі миллион тұрғынға есептелген "Астана мастер" жобасына халықаралық сайыс жариялады.

Кіші қалалардағы өнеркәсіп бір-екі кәсіпорынмен немесе оның мүлдем болмауымен шектеледі. Бұл халықты жұмыс орындарымен, көлік қатынасымен, ауызсумен қамтамасыз етуде күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың туындауына себепші болды. Мұндай жағдайда Кентау, Жаңатас, Қаратау, Талғар қалаларына тән. Елде осы қалалардың маңызды мәселелерін шешу мақсатында жасалатын шараларды басқарып, реттеу үшін 2012-2020 жылдарға моноқалаларды дамыту бағдарламасы қабылданған болатын. Бағдарлама аясында инженерлік инфрақұрылымды салу, өнеркәсіптік аймақтарды және индустриялық зоналарды қалыптастыру іске асырылмақ.

Қазақстан Республикасының Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі "Жұмыспен қамту-2020" бағдарламасы аясында тұрғындардың моноқалалардан көшіп, тұрғын үймен қамтамасыз етілуіне көмек көрсетеді.

Қала мен қала шегінде шоғырланған өнеркәсіптік, әсіресе энергетикалық, металлургиялық, химиялық және өзге де кәсіпорындар қоршаған ортаға айтарлықтай теріс ықпал етеді. Өнеркәсіптердің отынды жағуынан, түрлі залалды заттардың атмосфераға шығарылуынана, автокөлік газынан қала ауасы ластанып, денсаулыққа қауіп төндіреді. Осының нәтижесінде қала ауасы ауылдық мекендерге қарағанда 15 есе артық ластанған.

Бұған қоса ауаға ғарыштан зиянды қосылыстар да келіп енеді.

Қазақстанда атмосфераны ластайтын заттардың максималды концентрациясы басым бірнеше қала бар. Бұлар: Ақтөбе, Алматы, Астана, Қарағанды, Талдықорған, Балқаш және т.б. қалалар. Алматыда ластанудың 15,5%-ы зауыттарға, 23,3%-ы қалааралық көлікке, 58,6%-ы автокөлікке тиесілі. Алматы қаласының ауасында жоғары температурада отынның жануы кезінде пайда болатын азот диоксиді басым. Оның негізгі көздері автокөлік қалдық газдары, ЖЭС-тің ауаға зиянды шығарылымдары, қатты қалдықтарды жағу мен газдың жануы болып табылады. Қаланың лас ауасы тұрғындардың денсаулығына зиян, ал күкірт қосылыстары тарихи сәулеттік ескерткіштерге кері әсер тигізеді. Мұндай қалаларда көмірқышқыл газын сіңіріп, оттегін бөліп шығаратын, шуды төмендететін орман алқаптарын отырғызып, ал өндірістік кәсіпорындарында тазалау сүзгілерін орнату керек.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. География: Дүниежүзіне жалпы шолу. ТМД елдері. Жалпы білім беретін мектептің жаратылыстану-математика бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық/ Ө. Бейсенова, К. Каймулдинова, С. Әбілмөжінова, т.б. — Өңд., толықт. 2-бас. — Алматы: Мектеп, 2010. — 304 б., сур.ISBN 978-601-293-170-9